Сукмёң қыздар университетінен келіп, тәжірибесімен бөлісті.
Биылғы көктемгі семестрде корейтану бөлімі студенттері кафедра аясында корей тілінде сөйлеу қабілетін арттыру, осы уақытқа дейін жинаған тіл білімін практикада іске асыру сынды бірқатар мүмкіндікке ие болды. Оның себебі Кореяның Сукмёң қыздар университетінің магистранты Пак Э Вон ханымның әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не келіп, ақпанның 11-і мен 24-і аралығында педагогикалық тағылымдамадан өтуімен тығыз байланысты болды. Бұл тағылымдаманың негізгі мақсаты жергілікті корей тілі оқытушыларымен бірлесіп, жаңа форматта сабақ өткізу, корей тілін оқыту әдістері бойынша тәжірибе алмасу болып табылады. Мысалы, «Шығыстану» мамандығы бойынша 2-курс студенттері «базалық корей тілі» сабағында әртүрлі грамматикалық құрылымдар мен жаңа сөздерді қолдану арқылы интервью өткізу және топтық жұмыс жасау арқылы корей тілінде коммуникативті қабілетті дамыту мүмкіндігін алды. Сонымен қатар семинар сабақтары корей қоғамындағы өзекті мәселелерді талқылап, әр студент өз ойын корей тілінде айтып жаттығуға мүмкіндік беретін пікірталас форматында өткізілді. Пак Э Вон ханым корей тілін үйренуші студенттерге тілдік дағдыларын жетілдіруге көмектесіп қана қоймай, сабақтан тыс уақытта да қазіргі корей жастарын толғандыратын мәселелер жөнінде өз ойымен бөлісті.
Шет тілін, әсіресе, шығыс тілін үйрену барысында осылай тіл иелерінің Қазақстанға келіп, дәріс беруі, тіл үйрену процессіне интеграциялануы студенттердің шығыс елінің мәдениетімен етене танысып, жаңа қырынан танылуына көп септігін тигізеді. Өз кезегінде оқытушылар да өзара тәжірибе алмасып, дәріс берудің басқа да формаларын қолдануына оң ықпалын тигізері сөзсіз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Сукмёң қыздар университеті арасында алғаш «Ынтымақтастық орнату жөнінде Меморандумге» 2011 жылы қол қойылды. Осы аралықта екі университет арасында бірнеше бірлескен жобалар қолға алынған болатын. Соның бірі студенттер алмасу бағдарламасы бойынша әр семестр сайын 3-4 студенттің Сукмёң қыздар университетінде шәкіртақы негізінде білім алуы болып табылады. Өз кезегінде Сукмёң университетінің студенттері ҚазҰУ-дың дайындық факультетінде қазақ тілін немесе орыс тілін үйреніп, тілдік тағылымдамадан өте алады. Сонымен қоса өткен оқу жылы кафедрамыздың бірқатар корей тілі оқытушылары Korea Foundation қорының қолдауы аясында Сукмёң қыздар университетінің ұйымдастыруымен өткен онлайн біліктілікті арттыру бағдарламасын сәтті тәмамдаған болатын. Қазіргі таңда Қиыр Шығыс кафедрасы Сукмёң қыздар университетімен бірлесе отырып, онлайн корей тілі курсын жүргізу бойынша дайындық жұмыстарын аяқтап, жақын арада оны іске қосу жоспарланып отыр.
Қабделова Ұлжан Саматқызы
Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы
Шығыстану факультеті