Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның 20-жылдық мерейтойы елімізде кең көлемде аталып өтуде. Соған дәлелдің бірі, әрі бірегейі жақында өткен қалалық студенттердің арасында өткен «VIVAT, Қазақстан!» әскери-патриоттық әндер байқауы болды десек артық болмас.
Аталған өнер фестиваліне өзге студенттерден бөлек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Студенттер клубының жанындағы «Бақыт» би ансамблі – (жетекшісі Бақыт Есмұхамбетова), «Вокал және эстрада» - үйірмесінің әншілері (жетекшісі - Алтын Айниязова), хор үйірмесі (жетекшісі – Саида Құрманғазиева), «Біз» театрының (жетекшісі – Ғалымжан Сайлаубаев) студенттері қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
• «Әскери-патриоттық әндер» аталымы бойынша – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығармашылық ұжымы дайындаған композициялық көрінісі «Арнайы сыйлыққа» ие болды.
• «Авторлық ән» аталымы бойынша – биология факультетінің 3-курс студенті Дана Әйтімова «Біз – Отанның ұланымыз!» атты әнімен 1- орынды жеңіп алды.
• «Отан туралы ән» аталымы бойынша – Студенттік «Қайнар» квартеті (Досқан Жалниязов - георафия факультетінің 3-курс студенті, Талғат Айбосынов - жоғары экономика және бизнес мектебінің 3-курс студенті, Сұлтанбек Тұрғанбекұлы – химия факультетінің 2-курс студенті, Ерман Бердалы – тарих факультетінің 2-курс студенті) «Жаса, Қазақстан!» әнімен 2-орынды жеңіп алды.
Дәл осы аталымда Әсет Арыстанбек – механика-математика факультетінің 2-курс студенті «Елім, елім-ай!» әнін орындап, 3-орынды жеңіп алды.
Халқымызда «Өнер - ағып жатқан бұлақ, білім - жанып тұрған шырақ» деген аталы сөз бар. Білім ала жүріп өнерде белсенділік танытып жүрген жастарға алдағы уақытта да тек сәттіліктер тілейміз!