ҚазҰУ-да II халықаралық Фараби форумы қорытындыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылым апталығы аясында ұйымдастырылған ІI халықаралық Фараби форумының жұмысы қорытындыланды.
Жиынды ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева ашып, университеттің оқытушы-профессорлық құрамын, ізденушілерді Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Ләззат Қалымбекқызы өз сөзінде бүгінгі күні ғылымды дамытуға мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтті.
Дәстүрлі халықаралық Фараби форумы дүниежүзіндегі фарабитанушы ғалымдарды біріктірген беделді платформаға айналып, жас ғалымдар мен студенттердің терең зерттеулерге деген қадамдарын нығайтуға ықпал етуде.
Фараби форумы аясында өткізілген іс-шаралардың қорытындылары туралы баяндаған философия және политология факультеті Философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек: «II халықаралық Фараби форумы аясындағы «Тіл философиясы және Әбу Насыр әл-Фараби философиясының тілі» атты конференция жұмысына 170-ке жуық ғалымның 140-тан аса баяндамасы келіп түсті. Конференцияның пленарлық мәжілісі мен секциялары, сондай-ақ пікірсайыс алаңдарында 100-ге жуық баяндама жасалды. Оған әлемнің 15-тен астам елінен, атап айтсақ: АҚШ, Франция, Нидерланды, Болгария, Түркия, Иран, Пәкістан, Египет, Малайзия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан мемлекеттерінен 35-тен аса шетелдік ғалымдар қатысып, офлайн және онлайн форматта баяндама жасады», – деді.
Форумда тіл философиясы және мәдениетаралық коммуникацияның ерекшеліктері, Әбу Насыр әл-Фараби философиясының тілі: ортағасырлық мәтіндерді аудару ерекшеліктері, аударманың лингвомәдени мәселелері, қасиетті мәтіндер тілі: теолингвистиканың әлеуметтік-мәдени аспектілер, қазіргі ғылымдағы түпнұсқа және аударма тілінің лингвистикалық тезаурусы бағыттары бойынша бес секция жұмыс істеді.
II халықаралық Фараби форумы, «Тіл философиясы және Әбу Насыр әл-Фараби философиясының тілі» конференциясы аясында екінші рет философиялық эссе, видеороликтер байқауы өтті.
Форум қорытындысы бойынша «ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» байқауының 16 жеңімпазына диплом мен 100 мың теңгелік сертификаттар тапсырылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі