Қытайтанушылар Ассоциациясының төрағасы қызметі жас ғалымға табысталды
14 сәуір 2023 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультеті қытайтану кафедрасы жанынан құрылған «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» 10 жыл толуына орай, «ҚР-ҚХР қатынастары дамуының аймақтық және әлемдік маңызы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияны Қытайтану кафедрасы ұйымдастырды. Конференцияға қатысушы белгілі ғалымдар бүгінгі күні буырқанып жатқан халықаралық жағдайлардың екі ел қарым-қатынасына қаншалықты әсері мен ықпалы бар деген сұрақтарға жауап беруге тырысты. ҚР мен ҚХР арасындағы өзара байланыстарды дамыту тұрғысынан да құнды ойлар айтылды. Жалпы конференция алдына қойған мақсатты толық орындап, өз жұмысын сәтті аяқтады. Осы конференция аясында тағы бір елеулі жаңалық орын алды. 2016 жылы құрылған Қытайтанушылар ассоциациясының төрағасы қызметін атқарып келген, еліміздегі танымал қытайтанушы-ғалым, профессор Нәбижан Мұқаметханұлы «жас келсе іске» дей отырып, ассоциацияның төрағасы қызметін Қытайтану кафедрасының Доценті, PhD доктор Дәуен Динара Бақыткерейқызына табыстады. Бұған дейін кафедра, факультет басқарған Динара Бақыткерейқызы жас та болса, бас болып жүрген жас ғылымдардың бірі. Конференция соңынан сөз алған Динара Бақыткерейқызы өзіне жүктеліп жатқан міндетті жылы қабылдап, өз келісімін берді. Сонымен қатар мұндай жауапкершілігі жоғары, маңызы зор жұмысты осы ассоциацияға мүше көпшілік қауыммен бірге ақылдаса отырып, жұмыла көтеретін жұмыс екенін айта келіп, өзінің ойға алып жүрген көптеген жоспарларын, ұзақ жылдық жұмыс тәжірибесімен ұштастыра отырып жүзеге асыруға, ассоциацияны жаңа бағытта дамытып, тың белеске көтеруге бар күшін салатынын жеткізді.