ҚазҰУ Ташкент химия-технологиялық институтымен байланысты нығайтады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Ташкент химия-технологиялық институтының (ТХТИ) делегациясы жұмыс сапарымен келді. Тараптар әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады.
Кездесуде ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев білім ордасының жетістіктеріне тоқтала келе, Өзбекстанның 13 жоғары оқу орны және институтымен әріптестік орнағанын атап өтті.
«Бізді Ташкент химия-технологиялық институтымен табысты ынтымақтастық біріктіреді. Алдағы уақытта да бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау, атап айтқанда: химия және химиялық технология, тамақ технологиясы бойынша, сонымен қатар магистранттар мен докторанттар алмасу және олардың ғылыми жұмыстарына бірлесіп жетекшілік жасау бағытында әріптестік жалғаса береді», – деді университет басшысы.
Қазіргі уақытта Өзбекстанның 108 студенті бакалавриат және магистратура бойынша ҚазҰУ-да білім алуда. Оның 85-і мемлекеттік білім беру гранты бойынша, ал 23 студент келісімшарт негізінде оқиды. Өткен жылы ҚазҰУ магистранттары Ташкент химия-технологиялық институтында «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтті.
Бұған қоса, ҚазҰУ мен ТХТИ қызметкерлері ірі халықаралық конференцияларға екіжақты қатысып, өзара тәжірибе алмасуды жүзеге асырмақ.
Кездесуде ТХТИ ректорының стратегиялық жоспарлау және дамыту жөніндегі кеңесшісі Питер Макгэнн ҚазҰУ-мен ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтіп, бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асыруға дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар делегация құрамында ТХТИ халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы Саидумархон Саидахмадов болды.
Жүздесуде қос тарап өз пікірлерін ортаға салып, екі университет ынтымақтастығының даму перспективаларын қарастырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі