Шора Сарыбаевтың жеке мұрағатын сыйға тартты
Қазақ ұлттық университеті Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтында «Шора Сарыбаевтың жеке мұрағаты – Ш.Уәлиханов мұрасын зерттеу дереккөзі» атты іс-шара барысында ғалым Ш.Сарыбаевтың жеке мұрағатын сыйға тарту рәсімі болып өтті.
Жиынға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, Шора Шамғалиұлының қызы, ф.ғ.к., доцент М.Сарыбаева, ақын Б.Шарахымбай, ф.ғ.к. Қ.Жаңабаев, Санкт-Петербург университетінің оқытушысы Г.Тукеева, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, ф.ғ.к. М.Абаева, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры А.Фазылжан, ф.ғ.к. Қ.Күдерина және т.б. ғалым-ұстаздар, сондай-ақ студенттер мен магистранттар, докторанттар офлайн және онлайн форматта қатысты.
Бар ғұмырын ана тілі ғылымына арнаған Шора Шамғалиұлы 1950-53 жж. Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, соңынан университеттің аспирантурасында оқыған. 1954-95 жж. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қызмет істеді. Нақты айтар болсақ, алдымен институттың Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы бөлімінің меңгерушісі, одан кейін институт директорының орынбасары қызметін атқарды. 1995 жылдан бастап осы институттың бас ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді.
Пайым-парасаты мол, адамдық пен адалдық сияқты қасиетті өн бойына жиған, өмірі өнеге болған тұлға Шора ағамыз қазақ тіл білімі аталатын іргелі ғылымның ілгері дамуына зор үлес қосты. Бұған қаламгердің 300-ден астам ғылыми мақаласы, оның ішінде 20-дан астам монография мен оқулығы дәлел болады. Көрнекті ғалымның еңбектері қазақ тілінің өзекті салаларына: қазақ тілі тарихы, алтаистика, диалектология, лексикология, лексикография, библиография, аударма, есімнама, грамматика сияқты көкейкесті мәселелерге арналды.
Ғалымның қызы, ф.ғ.к., доцент Майра Сарыбаева презентация жасап, әкесінің суреттері, отбасылық естеліктерімен бөлісті. Ғалым футболға аса құштар болған. Ғылыми жұмыстан қолы қалт еткенде «Қайрат» командасы туралы газет-журналдарда жарық көрген материалдарды жинап, жүйеге түсіріп альбом жасаған. Майра Шорақызы әкесінің футбол күнтізбелерін жарыққа шығарғанын, спорттың осы түріне қатысты төсбелгілер мен спорт киімдерін, «Қайрат» командасының аға буын өкілдерінің қолы қойылған доптарды жинаумен айналысқанын айтып өтті. Шора Шамғалиұлы жастарды патриоттық тәрбиеге баулуда, отаншылдық рухта тәрбиелеуде спорттың алар орны ерекше екенін, футболдан ұлттық мұражай ашылса, оған қойылатын заттарға өзінің де үлес қосатынын айтып отырған. Ғалым музей ашу жұмыстарына ерекше қызыққан әрі атсалысқан.
Майра Шорақызының айтуынша, әкесінің Ш.Уәлиханов туралы жинаған кітаптарын, қолжазбаларын, картотекаларын, архив материалдарын Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтына тапсырудағы мақсаты – болашақта студенттер мен магистранттар, докторанттар көрнекті ағартушы ғалымның өмірі мен шығармашылығы жайлы зерттеу жұмыстарын жалғастырғанда пайдалануға мүмкіндік туғызу. Еңбектерді ғылыми айналымға түсіріп, келешек ұрпаққа жеткізетініне сенетінін жеткізді. Сонымен бірге әкесі мен атасы, өзі де осы қара шаңырақта білім алғандықтан, Шоқан Уәлиханов мұраларын осы институтқа тапсыруды жөн көргенін атап өтті.
А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Анар Салқынбай қазақ тілі грамматикасы, лексика, лексикография, диалектология, тіл білімі тарихы, есімнаманы қамтитын «Қазақ тіл білімі мәселелері» монографиясы ана тіліміздің хрестоматиясына айналғанын, ал көрнекті ғалымның еңбектері өзбек, араб, қырғыз, татар, түрік, әзірбайжан т.б. тілдерге аударылып, түркі тілдерінің дамуына да елеулі үлес қосқанын айтып өтті. Сондай-ақ Шора Сарыбаев туралы қызықты естеліктерімен бөлісті.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен келген ф.ғ.к. Мәдина Қабылқызы ғалымның өзгелерге өнеге болатын тағы бір қасиеті – қарапайымдылығы жайында айтып берді. Балаларға ана тілін үйретуді балабақшадан бастау мәселесіне көңіл аударып қана қоймай, бұқаралық ақпарат құралдарында, теле-радио хабарларда «Қазақ балабақшасын көбейтпей, қазақ тілінің көсегесі көгермейді» деп ұран тастаудан жалықпағанын, өзінің немерелерін қазақ тілінде сөйлетіп, патриотизм отбасынан бастау алатынына ерекше мән бергеніне тоқталды.
Түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Раушан Авакова Шора Шамғалиұлы ғұмырының ұзақ уақытын қазақ тіл білімі тарихын зерттеп, «Қазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші» атты кітабының алты томын шығарғанын, «Қазақтың аймақтық лексикографиясы» атты еңбегі түркітану ғылымында аймақтық лексикография теориясына арналған алғашқы монография екенін сөз етті. Қазақ және түркі тілдерінің диалектологиялық атласын жасауға белсенді қатысып, «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» атты үлкен еңбек қалдырғанын жеткізді.
«Көрнекті ғалым Ш.Сарыбаевты еске алып, құрмет көрсеткендері үшін ұрпақтарының атынан ризашылығымды білдіремін», – деді Майра Шорақызы.
Шолпан ҚҰДИЯРОВА,
PhD, Түркітану және тіл теориясы кафедрасының оқытушысы