ҚазҰУ-да химия саласындағы жоғары білім беру мәселелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР ҰҒА академигі Еренғайып Шайхутдиновтың 90 жылдығына арналған «Химия және химиялық инженерия саласындағы жоғары білім мен ғылымның заманауи трендтері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды.
Шараға Қазақстан мен шетелдердің жетекші ғалымдары, оқытушы-профессорлар мен білім алушы жастар қатысуда.
Пленарлық отырыста ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтауы оқылды. Ректор халықаралық ғылыми форумға қатысушыларға сәттілік тілей отырып, академик Еренғайып Мәлікұлының сүбелі еңбегін атап өтті.
«Еренғайып Мәлікұлы – Қазақстанда білім мен ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан қайраткер тұлға. Ғылыммен қатар, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты.1963-1988 жылдары университетімізде аға оқытушы, доцент болып, үлкен ғылым жолына түсті. Жоғары молекулалы қосылыстар химиясы кафедрасын басқарды. ҚазМУ-дың қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы, химия саласы бойынша диссертациялық кеңесінің мүшесі болды. Университетіміздің дамуына, білікті химик мамандарды тәрбиелеуде үлкен еңбек сіңірді. Өзіндік мектеп қалыптастырып, жастардың қамқоршысы болып, білімді шәкірттер тәрбиеледі. Ғалымның еңбектері Қазақстанда ғана емес, әлемдік ғылыми ортада жоғары бағаланды», – делінді хатта.
Конференцияның ашылуында ҚР ҰҒА академигі, Д.В.Сокольский атындағы отын, катализ және электрохимия институтының бас директоры М.Жұрынов, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Органикалық синтез және көмір химиясы институтының директоры З.Молдахметов, Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Бижанов, Жану проблемалары институтының ғылыми жетекшісі З.Мансұров, Металлургия және кен байыту институтының бас директоры Б.Кенжәлиев сөз алып, ғалым еңбегінің маңызы және қазіргі химия саласындағы жаңалықтар хақында пікір білдірді.
Халықаралық шара ары қарай пленарлық және секциялық отырыстарға ұласты. Онда ғалымдар органикалық заттар мен материалдардың химиясы мен технологиясын дамытудың заманауи трендтерін, сондай-ақ химия және химиялық инженерия саласындағы жоғары білім берудің өзекті мәселелерін талқылайды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі