«Ғылыми тарих» терең зерттеуді қажет етеді

1 шілде, 2023

Білім мен ғылымның адамзат тарихындағы маңызы жайлы әлемнің ұлы тұлғалары ықылым заманнан бері айтып, жазып, мұра етіп қалдырып келе жатыр. Қазіргі таңда да білім мен ғылымның қоғамдағы рөлі кеміген емес, керісінше, арта түсіп, жаһандық әрі халықаралық сипат алуда. Бүгінде әрбір беделді білім мен ғылым ордасы осы талапқа сай, жан-жақты білімді және өз мамандығының шебері болатын тұлғаны дайындап шығаруға күш салуда. Қазақ еліне көрнекті ғалымдар, қоғам қайраткерлерін, бірегей мамандарды даярлай­тын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі әрі жас маманы болу біз үшін мақтаныш және үлкен жауапкершілік. 

Мен 2008 жылы универ­си­те­ті­міздің Е.Бекмаханов, А.Нұр­пе­йіс­ов, Д.Дулатова сияқты елеулі та­рихшылардың білім мен ғылым шаңырағы болған тарих, архео­ло­гия және этнология факуль­те­тінің «Ғылыми тарих» ма­манды­ғының студенті ретінде та­­бал­дырығын аттадым. Тарих факультетінің бірегей ака­де­миялық ортасы, жылдар бойы қалыптасқан ғылыми мектебі мен тәжірибесі маған нақ таңдау жасауға көмектесіп, «инемен құдық қазу» жолына түсуіме себепші болды. Сонымен, ҚазҰУ-дың қабырғасында магистратура, докторантура деңгейлерінде бі­лім алып, оқытушы ретінде де тә­жірибеден өтіп, қазір жас ға­лымдар қатарында сүйікті уни­верситетімде қызметімді жал­ғас­тырудамын. Ұлы дана Абай Құ­нанбайұлы айтқандай, «Адам­ның көңілі шын мейірленсе, бі­лім-ғылымның өзі де адамға ме­йір­­леніп, тез қолға түседі. Шала мейір шала байқайды». Осы қанатты сөз мен үшін ғылым жолындағы ұстанымыма айнал­ған­дай болып, үнемі ізденіс пен даму жолында өзімді сынауға итермеледі. Бұл жолда шет тілін үйрену, ғылымы жақсы дамыған өркениетті елдерде білімді шың­дап, тәжірибеден өту аса ма­ңызды екені анық. Осы орайда, өзім 2013 жылы Оңтүстік Корея­дағы Донггук университетінде тә­жірибеден өтіп, «Тарихи мұра­ларды сақтауға» арналған жазғы мектепке қатыстым; 2018 жылы АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас университетінде ғы­лы­ми тағылымдамадан өттім; 2019 жылы Ресей қаласындағы Орен­бург мемлекеттік педагогикалық университетінде фундаменталды зерттеулердің Ресей фонды гран­ты­ның иегері ретінде тәжірибе алмастым; ал қазіргі таңда АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Питтсбург университетінде «Бо­лашақ» бағдарламасы аясында ғылыми тәжірибеден өтудемін. Бұл бастамаларым мен халық­ара­лық деңгейдегі ғалым болуға ұм­ты­лысымда ұлттық универ­си­тетіміз және жанашыр ұстаз­да­рымның қолдауы зор болды.

Әрине, «ғалым» деген үлкен атаққа ие болу жолында бізге әлі де көп еңбек пен өжеттілік қажеті анық. Дегенмен бірнеше ғылыми жобаларда белсенді атсалысып, «Әл-Фараби университетінің үздік жас ғалымы» (2020), «Қазақстан Республикасының дарынды жас ғалымдарға арналған мем­ле­кеттік стипендиясының иегері» (2021), «Жас ғалым» ғылыми жоба грантының иегері атануым ұзақ ғылыми жолдың бастауы ғана деп есептеймін.

Ерекше атап өтетінім, жаһан­дық ғалым болу үшін халықаралық аренада бағаланатын жоғары білім мен потенциалдан басқа, патриоттық рух пен мемле­ке­тімізге қызмет ету ықтиярлығы да өте қажет. Осыған орай, ҚазҰУ ұстаздары бізге қазақтың ұлы тұлғасы, көрнекті ғалым Әлихан Бөкейханов мұра етіп қалдырған «Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден» деген қағидасын сіңіріп, бізді ұлтжанды тұлға ретінде де қалыптастырды деп сеніммен тұжырым жасай аламын. Бұл бағытта тіпті әлеу­меттік зерттеулер де дәлел жасай алады. Мысалы, атақты әлеумет­танушы П.Бурдьенің тұжырымы бойынша адам білім алып, ғы­лыммен айналысқан уақытында оның психологиялық құралдары, яғни тілі, белгі жүйесі, тәртіп мо­делі мен шешім қабылдау жүйесі – барлығы да тұлғаның елінің мә­дениетімен тікелей байланысты. Ал білім болса әлеуметтік, тілдік және мәдени капиталдың өзегі болып табылады. Яғни ғылымның қаншалықты жаһанданып ке­ңеюі­не қарамастан, адамның туған өлкесі, мәдениеті, ғалым болып қалыптасқандағы ака­де­мия­лық ортасы үнемі оның бойында сақталады, оған қызмет етеді.

Қорытындылай келгенде, ме­нің студенттен бастап, ғалым­дық жолымда, ондағы жетістіктерім мен ізденістерімде білімге, ғы­лым­ға баулуда, маман болып қа­лыптасуыма бағыт беруде, тіпті меңгерген ғылымды ел мүддесіне пайдалануда құралдар қалып­тас­тыруда Қазақ ұлттық уни­вер­си­тетінің рөлі зор болды. Сол үшін университетімізге мың алғыс!

 Ұлжан ЖАНГЕЛДІҚЫЗЫ,

Дүниежүзі тарихы,

тарихнама және деректану

кафедрасының

аға оқытушысы, PhD