ҚазҰУ басшысы Катар елшісімен кездесті

3 шілде, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қазақстандағы Катар мемлекетінің елшісі Абдулазиз бен Сұлтан Джасем Маджид Әл-Румейхимен кездесіп, әріптестік қатынастарды одан әрі арттыру бойынша пікір алмасты.     

Кездесу барысында университет ректоры құрметті қонақты ҚазҰУ-дың жетістіктерімен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ өз сөзінде оқу ордасының басшысы ҚазҰУ мен Катар университеттері арасындағы әріптестікті дамыту қажет екеніне тоқталды.

 

«Бүгінде ҚазҰУ Катардың екі жоғары оқу орнымен серіктестік орнатқан. Катар елінен ҚазҰУ-ға профессорлар арнайы келіп, дәріс оқыды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылымға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде университет ғалымдары 100 инновациялық жоба әзірлеп шықты. Оларды ілгерілету және коммерцияландыру бағытында жұмыс жүргізілуде. Біз білім мен ғылым саласында Катардың ЖОО-ларымен серіктестікті одан әрі дамытуға дайынбыз. Осы тұрғыда бірлесіп симпозиумдар, ғылыми конференциялар мен кездесулерді жиі өткізу қажет. Бұл жұмыстар ҚазҰУ мен Катар жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты арттыруға сеп болады», –  деді ректор.

Өз кезегінде Қазақстандағы Катар мемлекетінің елшісі Абдулазиз бен Сұлтан Джасем Маджид Әл-Румейхи университет ректорына алғысын білдіріп, аталған бастамаларды қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ құрметті елші сөз соңында Катар жоғары оқу орындарының қызметімен танысу үшін Жансейіт Түймебаевты Катарға жұмыс сапарымен шақырды.

Кездесуден соң оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев Қазақстандағы Катар мемлекетінің елшісі Абдулазиз бен Сұлтан Джасем Маджид Әл-Румейхиға ҚазҰУ-дың «Құрметті профессоры» атағын табыстады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі