ҚазҰУ Мұрат Лаумулинді соңғы сапарға шығарып салды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғалым, дипломат Мұрат Тұрарұлы Лаумулинді ақтық сапарға шығарып салу шарасы өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің профессоры Есенжол Әлияров қаралы жиынды ашып, Басқарма Төрағасы – ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевқа сөз берді. Университет басшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің көңіл айту жеделхатын оқып, отбасына табыстады.
ҚазҰУ ректоры белгілі қазақстандық ғалым және дипломат Мұрат Лаумулиннің есімі Қазақстанда ғана емес, көптеген шетелдерде де кеңінен танымал екенін атап өтті. М.Лаумулин 1982 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті тарих факультетінің мамандандырылған бөлімін бітірген. Еңбек жолын туған қара шаңырақта бастаған. Әр жылдары Тарих, археология және этнология институтында, ҚР ҰҒА Шығыстану институтында, «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің еуропалық және америкалық зерттеулер орталығында жұмыс істеді. Өмірінің маңызды кезеңін ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтына арнады.
Саяси ғылымдар докторы Мұрат Лаумулин қазақстандық ғылымда әлемдік геосаясаттағы Орталық Азияны зерттеудің жаңа мектебін қалыптастырды және дамытты. Қазақ ұлттық университетінде дәріс беріп, халықаралық қатынастар факультетіндегі әріптестерімен бірге халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына белсене қатысты.
«Мұрат Лаумулиннің еңбек жолы сан қилы. Ғылыми-сараптамалық құрылымдарда, жоғары білім саласында тер төгіп, ҚР Сыртқы істер министрлігінде жауапты қызметтерде болды. Әрдайым жоғары біліктілігі, зиялылығы мен адамдарға деген ілтипаттылығымен ерекшеленді. Осы жарқын бейнесі есімізде мәңгі сақталады», – деп атап өтті ҚазҰУ ректоры.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілі Бақытжан Бөлегенов ҚР Премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің көңіл айту хатын жеткізді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым естеліктерімен бөлісіп, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының және басқа да ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері сөз сөйледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі