ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ «QAZAQ UNIVERSITETI»

17 шілде, 2023

Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА, профессор

«Qazaq universiteti» газетінің шығу тарихы бірнеше кезеңді қам­тиды. Алғаш уни­вер­ситет басылымын жур­на­листика факультетінің ұстаздары қолжазба, қабырға газеті форма­тында шығарғанын ұста­зы­мыз, профессор Әбіл­файыз Ыдырысов сту­денттерге жиі айта­тын. Газеттің уақыт өте келе мазмұны, қалыбы мен қарымы өзгерді. Әр жылдары газетті бас­қарған журналист, ұс­таз­дар газеттің да­муына ерекше үлес қосты. «Qazaq universiteti» білім ордасының оқу, ғылым және әлеуметтік өміріне арналған корпоративті басылымы бола отырып, студенттердің жур­на­лис­тика мектебіне бау­лыған ұстаханасына ай­налды. 

«Qazaq universiteti» газеті 1986 жылы Желтоқсан оқиға­сынан соң жарық көрмей, арада сегіз жыл үзіліс болды. Сол кезде басылымның тағдырына үлкен қамқорлық, жанашырлықпен қа­раған профессор-ғалым, жану теориясы, нанотехнологиясының атасы атанған Зұлқайыр Мансұров еді. Ол кісі химик болса да, жанына тарихшы, арабта­нушы, абайтанушы бір топ жас ғалымдарды жинап алып, газетті қайта шығаруға мұрындық болды.

1994 жылы Мерзімді бас­пасөз кафедрасынан аспи­ран­тураға оқуға түскен жылы Зұлқайыр Мансұров «Qazaq universiteti» газетін қолға аласың ба?» деп ұсыныс айтқанда, мен небәрі 23 жаста едім. «Иә, қолымнан келгенше көмекте­сейін» деп уәде бердім. Сол уәдемнен ұстаз алдында әлі де тайған емеспін. Бұл да мен үшін ғылымдағы үлкен мектеп.

Басылым А4 форматта 8 бет, 12 бет болып шыға бастады. Әр нөмірінде университеттегі жаңа­лық­тармен қатар, танымал ға­лым­дармен сұхбат, ең жас сту­денттер туралы деректер жа­рия­лай бастадық. Газет тари­хында алғаш рет компьютерлік түптеуді ұйымдастырдық. Кампус­тағы студенттер өміріне арналған фотоколлаждар енді газеттің басты визуалды құралына айнала бастады.

Мәселен, 1995 жылы ма­мырдағы саны Ұлы Жеңістің 50 жылдығына арналды. 1941 жылы ҚазҰУ-дан соғысқа аттанған ұстаздар туралы фотоларды мұрағаттан жинап, тұтас коллаж жасап шығардық. Газеттің атаулы нөмірін ардагерлерге арналған салтанатты жиында тараттық.

Университеттің даму жыл­дарымен тұспа-тұс келген ірі ғылыми оқиғалар газет беттері­нен үзбей орын алып, оқырманға жол тартты. 1995 жылы ұлы Абайдың 150 жылдығына арнайы нөмір шығардық. Академик Зейнолла Қабдолов өзі бастап сұхбат берді.

1995 жылдары Қазақстан мен Түркия арасындағы халық­аралық ынтымақтастық дами бастады. Сондай жауапты кезең­де түркі өркениетіне арналған ғылыми конференциялар мен шараларды ұйымдастырып, үй­лес­тіріп, жариялап отырдық. Өзіміз де қазақ ғалымдарымен, зиялыларымен етене таныстық. Мақалаларын редакциялап, баспаға дайындадық.

«Qazaq universiteti» газеті тә­уелсіздік алған жылдардан кейін қарқынды дамып, баспасөз бен оқу-білімнің шырағы ретінде жаңа белеске қадам басқан болатын.