Орталық Азиядағы корейтану мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Герман Николаевич Ким 70 жылдық мерейтойын атап өтті.
Герман Николаевич өзінің кәсіби жолын 1977 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін Шет тілдері кафедрасында бастаған. Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасының профессоры болып жұмыс істеп, оқытушы мен ғалымның мол тәжірибесін жинады. Содан кейін ҚазҰУ-дың Корейтану кафедрасын басқарды. Ғалымды бірнеше рет шетелдік жоғары оқу орындары шақырды. Ол Мичиган университетінің Гуманитарлық зерттеулер институтының (АҚШ), дамушы экономикалар институтының және Хоккайдо университетінің (Жапония) шақырылған профессоры ретінде жемісті жұмыс істеді. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері және ҚазҰУ Корейтану кафедрасының профессоры мәртебесінде ғылымға елеулі үлес қосты. Әр жылдары Оңтүстік Корея университеттерінде арнайы шақырулармен жұмыс жасады. 2020 жылдан бастап ҚазҰУ Азиялық зерттеулер институтын басқарады.
Герман Ким 250 ғылыми мақала мен 45 басылымның авторы, оның қатарында 2006 жылғы Корея тарихындағы «Ең үздік кітап» атанған үш томдық «Корей иммиграциясының тарихы» монографиясы бар. Кітап 30 мың дана тиражбен шықты. Ғалым-ұстаз елеулі еңбегі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен, Корея Республикасының «Азаматтық еңбегі үшін» орденімен (2015 ж.) марапатталды.
Герман Николаевич Ким – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері (2007 ж.), көрнекті шетелдік корейлерге берілетін KBS (Оңтүстік Корея) телекомпаниясының «Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар» номинациясының лауреаты. Герман Николаевичті мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Шығармашылық табыс және барлық бастамаларға сәттілік тілейміз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі