ҚазҰУ қабылдау комиссиясы білім беру гранттарына өтініш қабылдауды аяқтады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім беру гранттарына өтініш қабылдау қорытындысы бойынша 2452 талапкер құжат тапсырды. Оның ішінде 78 пайыз, яғни 1904 оқушы қазақ тілінде оқуға өтініш берсе, 548 талапкер немесе 22 пайызы орыс тілінде білім алу үшін конкурсқа қатысады. Тек үш талапкер ағылшын тілінде оқуға өтініш берген.
Өтініш бергендердің барлығы оқытудың толық формасына арналған конкурста бақ сынайды. Қабылдау комиссиясы мамандарының айтуынша, оқуға түсушілер туралы деректер мектеп түлектерінің білім деңгейінің жоғарылығын байқатады. Сонымен, үздік аттестатқа ие түлектер саны 18 пайыз немесе 455 талапкерді құрады. Ал «Алтын белгі» иегерлерінің саны – 260, яғни ҚазҰУ-ға өтініш берген әрбір 10-шы (11 пайыз) талапкер жоғары оқу көрсеткішіне ие.
Биылғы жоғары сұранысқа ие факультеттер – физика-техникалық факультеті, механика-математика факультеті, ақпараттық технологиялар факультеті мен Экономика және бизнес жоғары мектебі. Ал көп таңдалған білім беру бағдарламалары: В055 – Математика және статистика, В063 – Электротехника және автоматтандыру, В057 – Ақпараттық технологиялар, В044 – Менеджмент және басқару, В050 – Биологиялық және сабақтас ғылымдар, В049 – Құқық, В054 – Физика.
Кейбір статистикалық мәліметтер:
жеңілдіктері мен квоталары бар түсушілер туралы мәліметтер:
жетім – 14, мүгедек – 16, көрсетілген патриотизм үшін марапат иегерлері – 43, көпбалалы отбасынан – 513, толық емес отбасынан – 276, мүгедектерді тәрбиелеп отырған отбасынан – 40, үздік аттестаты немесе дипломы бар – 455, «Алтын белгі» иегерлері – 260, ауылдық квотасы бар – 921, диаспора өкілдері – 51. Сондай-ақ республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздары – 17.
Сонымен қатар ҚазҰУ қабылдау комиссиясы батыс, халық тығыз қоныстанған және жаңадан құрылған облыстар үшін нысаналы гранттар бойынша конкурсқа өтініштерді қабылдау бойынша Атырау және Маңғыстау облыстарының талапкерлері мен олардың ата-аналары арасында (1500 грант) ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жаратылыстану-ғылыми бағыттағы білім беру бағдарламалары топтарына Атырау облысы бойынша – 107, ал Маңғыстау облысына 130 грант бөлінді. Оқуға түсушілер білім беру бағдарламаларының төрт тобын және төрт жоғары оқу орнын таңдады, олар теориялық тұрғыдан оқу грантын ала алады. Бірінші позиция бойынша ҚазҰУ-ды 98 талапкер, екіншіге – 232, үшіншіге – 247, төртіншіге – 229 талапкер белгіледі. Қабылдау комиссиясының болжауынша, бөлінген нысаналы гранттарды игеру 78 пайызды құрауы тиіс.
Сондай-ақ республикалық статистика деректері бойынша мемлекеттік білім беру гранттарына конкурсқа құжат тапсыру кезінде 4005 талапкер Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқуды таңдаған. Нәтижесінде биыл ҚазҰУ мемлекеттік білім беру гранттарына құжаттарды қабылдау бойынша жалпы саны 6555 адамға қызмет көрсетті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі