Болашақ журналистерге арналған шеберлік сыныбы
Қазіргі журналистикада өзіндік жаңаша түр мен стиль қалыптасып келеді. Сан соқпағы бар осынау мамандықтың болашақ маман иелерін қандай игі істер күтіп тұр? Жіберілген қателіктер мен кемшіліктерді қалай түзеуге болады? Газет материалын қалай жазу керек? Тақырыпты қайдан табуға болады? Сұхбатты қалай алу керек? Осындай түрлі сауалға университет аудиториясынан түгелдей жауап алу мүмкін емес. Ол үшін тәжірибе керек.
23 қазанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Ғалия Шымырбаевамен кездесу болып өтті. Журналистика мамандығы үнемі ізденіп, талаптанып отыруды қажет етеді десек, студенттер үшін бүгінгі шеберлік сыныбының ерекшелігін аудиторияда бос орын болмағандығынан-ақ аңғаруға болады.
Ғалия Шымырбаева – қазақ журналистикасында өзіндік орны бар белгілі журналист. Ол журналистикаға студенттік қабырғада оқып жүргеннен бастап араласа бастады. Он жылдан астам уақыттан бері отандық басылымдарда жауапты қызмет атқарып келеді. Көбінесе, заң, мораль, әлеуметтік қақтығыс жөніндегі тақырыптарда жазады.
Журналистика факультетінің студенттері қандай ортада да белсенділік танытады. Сондықтан да болар студенттер тарапынан: «Қай мақалаңыз үшін қатты ұяласыз?», «Редакция үшін адамгершілігі мол журналист қашанда керек пе?», «Ату жазасы берілгендерге арналған камерадан сұхбатты қалай алдыңыз? Қорқынышты болды ма?» деген түрлі сауалдар қойылды.
Тәжірибелі журналист пен студенттер арасындағы ашық әңгіме кездесудің қызықты әрі тартымды өтуіне септігін тигізді. Студенттермен өткен екі сағатта Ғалия Шымырбаева студенттердің «жазу» мәнеріне ғана емес, мамандықтың өзге де қиын да күрделі қыр-сырына ерекше назар аударды.
Қараша айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде «Казахстанская правда» газетінің ашық есік күндері өтеді. Соған орай өзге де журналистермен дөңгелек үстелдер, пікірсайыс клубы мен шеберлік сыныптарын өткізу жоспарланып отыр. Бұл шаралардың барлығы университет ғылымы мен студенттердің тәжірибелік журналистикасын тығыз байланыстыра түседі.