"Алаш айнасы" республикалық қоғамдық саяси-күнделікті газет
Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының негізгі трендтері талданды
Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының негізгі трендтері талданды Кеше Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінде «Қазақстан 2020 – негізгі трендтер мен даму келешегі» атты жыл сайынғы мұстафиндік саясаттанулық оқулар шеңберіндегі республикалық ғылыми-теориялық конференциясы болып өтті.
Конференция жұмысына факультет деканы, философия ғылымының докторы, профессор Ә.Масалимова, саясаттану кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы, профессор Г.Насимова, Саяси зерттеулер ассоциациясының президенті, профессор Е.Алияров, Қазақстан журналистер академиясының президенті С.Қозыбаев, «Медиастандарттар институтының» медиасарапшысы Е.Сүлейменов, тарих ғылымының докторы И.Черных, саяси ғылымдар кандидаты Чанг Бен Сунн, философия ғылымының кандидаты, доцент А.Лұқпанов, саяси ғылым докторы, профессор Ә.Балапанова, саяси ғылым докторы, профессор С.Мұсатаев, саяси ғылым докторы Ә.Қайдарова және факультеттің өзге де оқытушы-профессорлар құрамы, PhD докторанттар, магистранттар, студенттер қатысты. Факультет деканы Әлия Масалимова өзінің кіріспе сөзінде отандық саясаттану ғылымының қалыптасуына сүбелі үлес қосқан, бүгінде елдегі кәсіби сарапшыларды даярлайтын үздік орталығына айналған саясаттану кафедрасының негізін қалаушы Тілеміс Тілеуғабылұлы Мұстафиннің ұстаздық, ғалымдық һәм қайраткерлік болмысына тоқталды. Тарих ғылымының докторы Сағымбай Қозыбаев отандық саяси ғылымды қалыптастырушылардың басында тұрған Т.Мұстафиннің артында өлмес мұра – көптеген кітаптары мен зерттеулері қалғанын, оның жолын елге танымал шәкірттері жалғастырып жатқанын атап өтті. Конференцияға Т.Мұстафиннің жұбайы Мәриям Дәулетбақова мен ұлы Алмас Мұстафин қатысып, ғалым өмірінен естелік айтты. Конференция жұмысы «Қазақстан – жаһандық процестерде», «Қазақстан Республикасының әлеуметтік-саяси модернизациясы» және «Қазақстандық қоғамның рухани-ізгіліктік дамуы» деген тақырыптарда үш секция бойынша жалғасты.
Автор: Құбаш МЕҢДІҒАЛИ