Бүгінде Қазақстанда Технологиялық бизнес-инкубатор бағдарламасы іске қосылған. Технологиялық бизнес-инкубаторы бағдарламасының аясында инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін бастаушы кәсіпкерлерге кеңсе ғимараттары, қажетті құрал-жабыдықтармен қоса, бухгалтерлік, құқықтық, экономикалық, ақпараттық, маркетингтік қолдау, жоба менеджері аудармашы қызметтері және инновациялық компаниялардың табысты дамуына қажетті басқа да қызметтер көрсетіледі. Мұндай игі шаралар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде де жүзеге асып жатыр. Жаңадан ашылған университетіміздің «Ғылыми-технологиялық паркінде» осындай бастамаларға ерекше көңіл бөлінген. Ақпанның 8-ші жұлдызында осы орталықта студенттік «YouthTravel» start-up компаниясының тұсаукесері өтті. Жас студенттерден құралған студенттік «YouthTravel» start-up компаниясының алға қойған мақсаттары да айқын.
«YouthTravel» деген сөздің өзі «жастар саяхаты» деген мағынаны білдіреді. Бұл студенттік турфирманы құрушы және директоры, география және табиғатты пайдалану факультенің 4-крус студенті Алмасхан Абдикеримов. Ол өзінің бұл фирманы ашудың оңайға соқпағанын айтады. Тіпті, мұндай студенттік турфирма елімізде әлі күнге дейін ашылмаған. Бұл турфирмада алғаш небәрі 2 адам жұмыс жасаған. Фирманы құру 2012 жылдың ақпан айында басталған, ал тәжірибелік жұмыстарын олар сәуірде жүзеге асырған. Жұмыс нәтижелі болысымен турфирма өзінің заңды жұмысын 2012 жылдың қыркүйек айынан бастайды. Осы уақытқа дейін студенттік фирма ҚазҰУ-ден 250-ден аса студентке қызмет көрсеткен.
Фирманың директоры Алмасхан Абдикеримовтың қажырлы еңбегі арқасында бүгінде ғаламтор жүйесінде де ішкі туризмді насихаттауға арналған «YouthTravel» start-up компаниясының сайты және әлеуметтік желілерде хабарландырулар жасай алатын парақшалар аша білді. Мәселен, жастардың сүйікті әлеуметтік желілері «в контактіде» бүгінде фирманың 627, «Facebook-те» 139 қонағы тіркелсе, интернет парақшасын 17224 адам қарап шыққан. Бұл жаңадан ашылған компания үшін үлкен жетістік.
Алып шаһарда, оның ішінде ҚазҰУ қалашығында бірінші рет ұйымдастырылып отырған бұл фирманың тұсаукесері 8 – ақпан күні салтанатты түрде өтті. Оған ҚазҰУ-дың Ғылыми зерттеу бөлімінің бастығы Гүлнәр Садыханова, ререациялық география және туризм кафедрасының доценті Жаннат Әлиева , Туризм кафедрасының меңгерушісі Александр Артемьев, ҚазҰУ-дың студенттік бизнес-инкубатордың меңгерушісі Айболат Есентеміров және география және табиғатты пайдалану факультетінің студенттері қатысты. Енді студенттік «YouthTravel» start-up компаниясы еш кедергісіз осы оралықта жұмыс жасай беретін болады. Жастардан құралған ұйымның жігері мен қарқыны жақсы.
Компания директоры Алмасхан Абдикеримов бізге берген сұхбатында: «Біз ең бастысы еліміздің туризмін дамытқымыз келеді. Ішкі туризмнің өркендегеніне не жетсін. Қолдау көрсеткен басшылыққа да алғысымыз шексіз. Олардың әлі де көмек қолын созатынына үміттеміз. Бүгінде біз университеттегі барлық жастар ұйымдарымен хабарласып тұрамыз. Алдағы уақытта туристік саяхатқа басқа да университтің студенттерін қосу жоспарда. Қазақстанның туристік нарығында үлкен фирмаға айналуға біз барымызды саламыз. Тек барлығы еңбекпен келетінің ескеретін біздер, көлемді шаралар жасаудан әркез тартынбаймыз», - деді. Тұсаукесерде бизнес-инкубатор бағдарламасы аясында әлі осындай талай толайым істер жүзеге асатынына басшылық тарапы уәде етті. Ал, «YouthTravel» компаниясы осы күннен бастап өз жұмыс одан әрі қарай үлкен мақсаттармен дамыта бермек.