Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Туризм» мамандығы бойынша магистратура бағдарламасы Дүниежүзілік туристік ұйыммен сертификатталды

5 тамыз, 2013

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – «Туризм» мамандығы бойынша бакалавриат пен магистратура оқу бағдарламалары Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі – Дүниежүзілік туристік ұйым (UNWTO) таныған Қазақстан мен Орталық Азиядағы бірінші жоғары оқу орны болып табылады.


Аталған ең жоғарғы беделді халықаралық туристік ұйым әзірлеген UNWTO.TedQual туристік білім беру сапасын сертификаттау жүйесі туризм саласындағы мамандарды дайындау, оның ішінде ғылыми-зерттеу бағытында дайындау тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сертификация критерийлеріне оқу үдерісіне, академиялық секторға, студенттер мен мемлекеттік және жеке меншікті секторлардағы сыртқы серіктестерге қатысты туризм саласындағы оқу бағдарламаларының сапасы, тиімділігі мен өзектілігі кіреді. Сонымен қатар, UNWTO.TedQual жүйесі UNWTO.TedQual-дың Алмасу бағдарламасы мен Тәлімгерлік бағдарламасы шеңберінде аккредитацияланған мекемелер арасында білім мен тәжірибе алмасу мүмкіндігін береді. TedQual жүйесі бойынша аккредитация дипломы туристік білім бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын білім беру, кәсіби дайындық пен ғылыми зерттеулердің сапасын растайды.

Бакалавриаттың білім беру бағдарламасының сапасы халықаралық стандарттарына сәйкестігі бойынша диплом әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 2012 жылдың 12 қазан күні максималды мерзімге – 4 жылға берілген. Магистірлік бағдарлама («Master in Tourism») дәл осындай мерзімге, 2017 жылдың 25 шілде күніне дейін сертификатталған.