Патриоттық сезім тіл арқылы келеді
Қазақ тілінің бүгінгі қоғамдағы жай-күйіне алаңдаған қауым Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесі қарсаңында биология және биотехнология факультеті биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының 214-аудиториясында бас қосты. «Қазақ тілінің бүгіні мен болашағы» деп аталған дөңгелек үстелге республикалық «Айқын» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары Берік Бейсенұлы мен экономика бөлімінің шолушысы Құтмағамбет Қонысбай арнайы шақырылды. Жиынға кафедраның оқытушы-профессорлары Қ. Сапаров, Ә. Бегенов, Ә. Әметов, С. Айдосова, А. Қуатбаев, Г. Сатыбалдиева, кафедра доценттері Н. Ахтаева, А. Ахметова, аға оқытушылар А. Мамурова, Н. Баймурзаев, куратор - эдвайзерлері б.ғ.к. Г. Атанбаева, Б. Уршеева және студенттер қатысты.
Жиынды ашқан профессор Қуандық Әбенұлы: «Белгілі қытай философы Конфуций: «Егер мен мемлекетті басқаруға тиіс болсам, алдымен тілді түзер ем», – деген. Тіл мәселесі мемлекетіміз үшін өзекті. Елімізде жүзден астам ұлт болса, оны біріктіретін бірлік, қазақ ұлты», – деді. Ол өзі білім алған кезеңдегі қазақ тілінің жайына тоқтала отырып, тіліміздің ғылымдағы салмағын арттыру керектігін айтты. Профессор бүгінде қазақ тілі ғылымда 20 пайызды ғана құрайтынын атап өтті. Өз кезегінде сөз алған Берік Бейсенұлы «Айқын» газетінің ұлттық мүдде, тіл, діл, ақпараттық қауіпсіздік пен Елбасы саясатын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында қызмет ететінін айтты. «Тіл – ұлттың тарихы, жаны, барлық ізгіліктің бастауы. Патриоттық сезім де тіл арқылы келеді», – дей келе, ол патриотизмнің биік шыңы тілді ұмытпау, құрметтеу деп ой түйді. Тіл туралы толғанып өз ойын ортаға салған Құтмағамбет Қонысбай: «Өз тіліңді білмеу – өз еліңді білмеу, өз анаңды білмеу», – деп қадап айтты. Белгілі журналист осы шаңырақта Қ. Мырзалиев, З.Қабдолов сынды алпауыттардан тәлімді дәріс алғандығына тоқталды. Ол жастарды ауызбіршілікке, белсенділікке, талапшыл болуға шақырды.
Тіл төңірегінде толғамдарымен бөліскен аға буынның ақыл-кеңесін ұйып тыңдаған жастар қауымы да тілге деген жанашырлықтарын айтып, өз ойларымен бөлісті. Жиын соңында 1 курс студенті Құлымбет Қанат орындаған Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» күйі көпшілікке жақсы көңіл-күй сыйлады.