«Кросс-мәдени Көшбасшылық»

14 қараша, 2013

Көшбасшылық мәселесі қазіргі заманда ерекше өзектілікке ие болып отыр, себебі қоғамның дамуы көшбасшылардың қызметімен тығыз байланысты. Көшбасшы қандай болуы керек? Көшбасшының қызметінде мәдени айырмашылықтар қалай көрініс табады? Командамен жұмыс істеудің ерекшеліктері неде? Осы және тағы басқа қызықты сұрақтарды 2013 жылдың қараша айының 5-7 аралығында болашақ көшбасшылар – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері, магистранттары және докторанттары философия кафедрасы ұйымдастырып отырған «Кросс-мәдени Көшбасшылық» (Cross-Cultural Leadership Program (CCLP) халықаралық білім беру бағдарламасы аясында зерттеді. Сабақтарды кросс-мәдени көшбасшылық саласының белгілі мамандары, халықаралық «International Center for Education and Technology» қорының өкілдері, Сиэтл университетінің (АҚШ) профессорлары Томас Готч пен Клиффорд Мун жүргізді.

Сабаққа қатысушыларға көшбасшылық философиясы бойынша дәрістер оқылумен қатар қызықты ойындар да ұйымдастырылды. Ойындар барысында болашақ көшбасшылар басқа мәдениетпен байланыс орнатуға, оның мәнін түсінуге және мәдени өлшемдер арқылы көшбасшы болуға үйренді.

Американдық профессорлар сабаққа қатысқан жастардың білім деңгейін жоғары бағалады және философия кафедрасымен ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдірді. Сабақтардың соңғы күні Сиэтл университетінің профессорлары мен философия кафедрасының меңгерушісі Нұрышева Г.Ж. қатысушыларға сертификаттар тапсырды. Келесі сабақтар 2014 жылдың ақпан айына жоспарланған.