ҚазҰУ-да қазақ диаспорасы өкілдерінің бейімделу мәселелері қарастырылады
2013 жылдың 29 қарашасында сағат 10.00-де ҚазҰУ-да (журналистика факультеті, Т.Қожакеев атындағы №230 аудитория) «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде қазақ диаспорасы өкілдерінің оқу және азаматтық (әлеуметтік) жағынан бейімделуі» атты тақырыптағы аймақтық дөңгелек үстелдің ашылуы болады. Бұл іс-шараны Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұйымдастырып отыр.
Дөңгелек үстелді өткізудің мақсаты мен міндеті тәжірибе алмасу, шетел азаматтары болып табылатын қазақ диаспорасының өкілдеріне білім беру қызметінің сапасын арттыруға, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын отандастарды мәдени-танымдық және ақпараттық-насихаттық жағынан қолдау көрсетуге бағытталған кешенді іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге байланысты шешімдер қабылдау болып табылады.
«Біз әлемнің түрлі елдерінде тұратын қазақ жастарының Қазақстанда сапалы білім алуы үшін жағдай жасауға тиіспіз», - Дүниежүзі қазақтарының ІҮ Құрылтайында Қазақстан Республикасының Президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы Н.Ә. Назарбаев өзінің ұстанымын осылай білдірді. 2011 жылғы «Халықтың көші-қон туралы» жаңа Заңында «Білім алу мақсатындағы көші-қон» деп аталатын қазақ диаспорасына тікелей қатысты арнаулы тарау енгізілді.
Дөңгелек үстелде қазақ диаспорасымен жұмыс жүргізуге маманданған педагогтер, оның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-технологиялық университеті, М.О. Әуэзов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекттік университеті, Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Жетісайдағы «Сырдария» университеті, сондай-ақ, Моңғолиядағы ШҚМУ-нің Баян-Өлгей филиалы тәрізді оқу орындарының оқытушылары баяндама жасайды.
Дайындық бөлімдерінің тыңдаушылары болып табылатын шетелдік қазақ жастарының визалық, азаматтық алу мәселелерін, жаңа ортаға бейімделу жағдайын, қазақ диаспорасының сұраныстарын қанағаттандыру жай-күйін талқылау үшін «Дөңгелек үстелге» ҚР Білім және ғылым, ҚР Мәдениет және ақпарат, ҚР Ішкі істер министрліктерінің, ҚР СІМ Консулдық қызмет комитетінің, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің өкілдері шақырылды.
Байланыс телефондары: 8 -727273 99 97; 390 44 99 (Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы), 8727 377 31 29 (әл-Фараби атын. ҚазҰУ).