24 мамырда сексеннің сеңгіріндегі киелі қара шаңырақ ҚазҰУ-да жазғы семестрінің ашылуы әл-Фараби ғылыми кітапханасының мәжіліс залында өтті.
Аталған шараға ҚазҰУ студенттері мен ұстаздары және онлайн режимде Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, Қостанай Мемлекеттік педагогикалық университеті, Орта Азиядағы Америка университетінің Бишкек қаласындағы бөлімі, Ахмет Яссауи атындағы Халықаралақ Қазақ-Түрік университетінің оқытушы-профессорлары мен студенттері қатысты. Сәулетті кітапхана ғимаратының мәжіліс залына жиналғандарды Болон үдерісі бойынша Студенттік бюро төрағасының орынбарасы Айсұлу Ерниязова факультеттердің жазғы семестр курстарының ашылуы салтанатымен құттықтап, білімге құштар жандарға биылғы екі жазғы семестр ұйымдастырылатынын мәлімдеді. Бірінші жазғы семестр 26 мамыр мен 28 маусым аралағында өтсе, екіншісі 23 маусыннан басталып, 26 шілдеде аяқталады. Жазғы семестр курстарын ҚазҰУ профессорлары, жұмыс берушілер және «Болашақ» бағдарламасының түлектері өткізеді. Айтулы шарада проректор Дархан Ахмет-Заки жазғы семестрдің салтанатты ашылуымен қатысушыларды құттықтап, жазғы семестрдің тың әрі терең сапалы білім алу мүмкіндігі екенін айтты. «ЕNAKTUS EXPO Kazakhsan» әлеуметтік және бизнес жобалар ұлттық лигасынан 3 орынды иеленген студенттік топқа алғыс хат, сертификаттарын табыстады. Салтанатты шараға онлайн режимде қатысып отырған басқа қалалардағы әріптестер мен студенттер сұрақтарына жауап беру сәтімен жалғасты. Жазғы семестр курстарына барған студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, онлайн тыңдаушыларды тіркеу мерзімі, жазғы семестр уақытында өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігі жайлы сауалдарға проректор Дархан Жұмаханұлынан толымды жауап алды. Шара соңында инженерлік білім беру қауымдастығының бас секретары Марат Алимов жұмыс беруші ретінде жазғы семестр курстарының жас маманның алған теориялық білімін жетілдіріп, тәжірибеге ұштастыруының зор мүмкіндігі екенін атап өтті.