ҚазҰУ студенттері қалашықта жұмыс істеуде
Биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 30 студенті Алматы қалалық «Жасыл ел» бағдарламасы аясында еңбек етті. Аталған бағдарлама елімізді көгалдандыру мен тазалығын сақтауға, жас ұрпақ бойына патриоттық және экологиялық тәрбие беріп, елдегі жұмыссыздық көлемін азайтуға елеулі үлес қосып келе жатқан игі жоба.
Бұл бағыттағы жұмыстар ҚазҰУ-дың тұрақты даму мақсаттарын іске асыру бойынша экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында іске асырылды.
Студенттік құрылыс жасағы 1-30 маусым аралығында университет және қала аумағындағы маусымдық жұмыстарға жұмылдырылды.
Студенттерге бағдарлама тарапынан 70 000 теңге айлық, ҚазҰУ есебінен 40 000 теңге шәкіртақы тағайындалды. Сонымен қатар жастар тегін жатақханамен және бірыңғай формамен қамтамасыз етілді.
Студенттік құрылыс жасағы университеттегі Өндірістік департамент қызметкерлерімен бірігіп ҚазҰУ қалашығы аумағын тазартып, көгалданыру жұмыстарына қатысты. Жастар сондай-ақ, Кампустағы жатақханалар мен оқу ғимараттарының бөлмелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге атсалысты.
Сонымен қатар оқу орнында жасақ құрамындағы студенттерге арналған рухани-тәрбиелік семинарлар мен спорттық жарыстар өткізілді. Сенбі, жексенбі күндері Медеу шатқалында, Студенттер сарайында, Орталық демалыс саябағында және Балуан Шолақ атындағы спорт сарайларында демалыстар ұйымдастырылды. «Алматы – жасыл қала» тақырыбында семинарлар өтіп, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жастар қарттар үйінде болып, қайырымдылық шарасын өткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «жасыл» бастамаларды ілгерілетуде жетекші орын алады және алғашқы университеттердің бірі болып тұрақты даму мақсаттарын іске асыру үшін Rio+20 университеттерінің декларациясына қол қойды. Жоғары оқу орындары мен кәсіпорындардың ресурстар мен энергияны тиімді пайдалануы және жасыл бастамаларды жүргізуі БҰҰ-ның тұрақты дамуы мақсатында бекітілген орнықты экономикалық өсудің маңызды факторы болып табылады. Осы бағдарлама шеңберінде ҚазҰУ жастары жыл сайын кампус пен қала аумағын көгалдандыруға және абаттандыруға қатысады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі