ҚазҰУ-да «Марғұлан оқулары» өтуде

30 наурыз, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Марғұлан оқулары – 2023» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы басталды. Шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты және ҚазҰУ-дың тарих факультеті бірлесіп ұйымдастырды.

1989 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Марғұлан оқулары» археология саласындағы дәстүрлі конференцияның бірі. Конференция ғылыми қауымдастық арасында далалық зерттеулер қорытындысымен бөлісетін, талқыға салатын, ежелгі және ортағасырлық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау саласында ғылыми әріптестікті кеңейтетін, халықаралық ынтымақтастықты нығайтатын алаңға айналды.  

Шараға еліміздің жетекші ғалымдары және Германия, Бельгия, Австралия, Франция, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан және Армения ғалымдары да қатысуда.

Конференцияны Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, тарих ғылымының кандидаты Ақан Оңғарұлы ашып, «Қазақстанның археологиялық ғылымы: жай-күйі мен болашағы» тақырыбында баяндама жасады. Ол Қазақстанның археология ғылымының өзекті бағыттарын, ондағы ерекше назар аударуды қажет ететін мәселелер мен тақырыптарды атап өтті.

Пленарлық отырыста Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты директорының орынбасары, тарих ғылымының кандидаты Талғат Мамыров, РҒА СБ Археология және этнография институтының ғылыми қызметкері (Новосибирск, РФ) Евгений Богданов, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Ұлттық музейінің бас ғылыми қызметкері Жәкен Таймағамбетов (Астана) және басқа да ғалымдар сөз сөйледі.

Бұдан әрі конференция ежелгі, ерте темір дәуірі археологиясы, орта ғасырлар археологиясы, археологиядағы пәнаралық зерттеулер және басқа да бағыттар бойынша секциялық жұмыстармен жалғасады.

Конференция аясында «Қазақстанның археологиялық мұрасын зерттеу мен сақтаудың өзекті мәселелері» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтеді.

Онда археолог-мамандар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен жергілікті атқарушы орган өкілдері Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын зерттеу және сақтаудың өзекті мәселелерін және олардың шешу жолдарын талқылайды.