ҚазҰУ студенттері БАӘ-де тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Халықаралық мәдени дипломатия институтының төрағасы Мұхаммед Камил әл-Муайни, Халықаралық мәдени дипломатия институты Директорлар кеңесінің мүшесі Мұхаммед Исмаил Карим және Араб тілі академиясының бас хатшысы Мұхаммед Сафи Мостеганеми жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында құрметті қонақтар ҚазҰУ музейін аралап, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевпен кездесті.
Жүздесуде тараптар серіктестікті арттыру бойынша әңгімелесіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Университет басшысы Жансейіт Түймебаев құрметті меймандарды ҚазҰУ жетістіктерімен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісіп, ынтымақтастықты арттыру бағытында бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
«Серіктестікті дамыту мақсатында оқытушылар мен студент алмасу, ортақ конференциялар мен симпозиумдар өткізу қажет. Сонымен қатар араб тілі мамандарын ҚазҰУ-ға шақырамыз. Өз кезегінде біздің тараптан қазақ тілін жетік білетін мамандарды сіздерге жібереміз. Осы бастама арқылы екі елдің тілін дамытуға септігімізді тигіземіз. Әл-Фараби кітапханасында ғалымдардың арабтар туралы жазған еңбектері жетерлік. Осы тұрғыда араб тілінде жазылған кітаптарды, ескі қолжазбаларды қазақ тіліне, ал қазақ тілінде жазылған еңбектерді араб тіліне аудару жұмыстарын жүргізу қажет», – деді ректор.
Сөз соңында Жансейіт Түймебаев БАӘ-де ҚазҰУ филиалын ашуды ұсынды.
ҚазҰУ Біріккен Араб Әмірліктерінің бес жоғары оқу орнымен және институттарымен серіктестік орнатқан. Оқу ордасының бір докторанты мен төрт оқытушысы тағылымдамадан өту үшін БАЭ-ға барған болатын. Университеттің шығыстану факультетінде Арабтану бөлімі табысты жұмыс істейді.
Өз кезегінде Халықаралық мәдени дипломатия институтының төрағасы Мұхаммед Камил әл-Муайни университет басшысы Жансейіт Түймебаевқа алғысын білдіріп, серіктестікті дамытуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
Кездесу барысында Араб тілі академиясының бас хатшысы Мұхаммед Сафи Мостеганеми сөз сөйлеп, өз пікірін ортаға салды.
«ҚазҰУ тарапынан айтылған ұсыныстарды қолдаймыз. Бірлескен жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру маңызды. Бұл бастама екі елдің тарихы мен мәдениетін және әдебиеттің дамуына үлкен демеу болары сөзсіз. Біз араб тіліне аудару қажет кітаптар бойынша жұмыс жүргізетін боламыз. Сондай-ақ ҚазҰУ студенттерін Біріккен Араб Әмірліктерінде тағылымдамадан өткізуге мүмкіндігіміз бар», – деді доктор Мұхаммед Сафи Мостеганеми.
Кездесу соңында тараптар аталған бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты.