ҚазҰУ экологиялық журналистиканы дамытады

7 маусым, 2023

Әл-Фараби кітапханасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен ІІ «Тұрақты даму мақсаттары аясындағы экологиялық журналистика» біліктілікті арттыру курсы өз жұмысын бастады.

Шараны ұйымдастырушылар – ҚР БҰҰ Жаһандық коммуникация департаментінің өкілдігі, Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институты, журналистика факультетінің Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы, география және табиғатты пайдалану факультеті мен Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы.

Жиынды өткізудің мақсаты – экожурналистиканың құқықтық және әлеуметтік сипаты, экологиялық қауіпсіздік, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін БАҚ өкілдеріне таныстырып, ары қарай кеңінен бұқараға жеткізу. Сондай-ақ БҰҰ-ның қоршаған орта бойынша климаттың өзгеруі, экожүйені басқару, табиғи қорларды тиімді қолдану мен қоршаған ортаның ахуалын бақылау сияқты басты бағыттары, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жобалар тәжірибесі негізінде журналистік зерттеу жүргізуді үйрену.  

Курстың ашылу салтанатында ҚР БҰҰ Жаһандық коммуникация департаменті Ақпарат бюросы басшысы Властимил Самек мырза: «Халық арасында экологиялық ақпаратты тарату – үлкен жауапкершілік. Экологиялық ойлауды қалыптастыруда мамандандырылған бөлімдер ерекше орын алады. Университеттің Тұрақты даму мақсаттары аясында экологиялық біліктілікті арттыруға бағытталған бастамаларды нығайтуға қолдау білдіреміз», – деп атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева қатысушыларға экологиялық журналистика бастамаларын қолдағаны үшін алғыс айтты.

Курс барысында журналистика факультетінің оқытушылары түсірген «Ават ауылындағы апат», «Қорғалжың» экологиялық ахуал туралы деректі фильмдерінен үзінді көрсетілді.

Курстың келесі күндері журналистер кампустық экотур аясында Биомузей, Жасыл технологиялар аймағын аралап, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Ават ауылына барады. Онда дала жағдайында судың құрамындағы иондарды анықтауға арналған далалық химиялық тәжірибелер көрсетіледі.

 Гүлмира Сұлтанбаева,

Баспа және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі