ҚазҰУ студенттері халықаралық білім беру бағдарламасына қатысты

30 қаңтар, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультеті Механика кафедрасының 4-курс студенттері AGH UST университетінің ұйымдастыруымен өткен ІІ халықаралық SPINAKER білім беру бағдарламасына қатысты.

Польшаның Краков қаласында өткен аталмыш іс-шарада 10-нан астам жоғары оқу орнынан келген 40 студенттің біліктілігі шыңдалды. Заманауи форматта өткен дәрісті университетімізден Механика кафедрасының 4-курс студенттері Алина Абдидин, Назерке Момыш, Құралай Елдосқызы тыңдады.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры Саркен Қапаева және AGH UST университетінің профессоры Яцек Чешлик оқыған дәрістерде өндірістік процестердің жіктелуі, материалды жоюдың егжей-тегжейлі механизмдері мен әдістері туралы айтылды. Сонымен қатар материалды жою үшін қолданылатын энергия көздерінің түрлері, жұмыс принциптері, конфигурациясы, жабдықтары және таңдалған негізгі процестердің салыстырмалы артықшылықтары мен кемшіліктері талданды.

Оқу барысында білімгерлер Польша мемлекетімен, географиясымен, поляк мәдениеті және тарихымен танысты. Студенттер әуе билеті, тұрғылықты орны, тамақтану және сақтандыру шығындарымен қамтамасыз ететін 1000 евро көлеміндегі стипендияға ие болды.