ҚазҰУ спортшылары Дүниежүзілік Универсиададан жүлдемен оралды
Дүниежүзілік жазғы Универсиадада сәтті өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ спортшыларын университет өкілдері мен студенттер Алматы әуежайында қарсы алды.
28 шілдеде Қытайдың Чэнду қаласында басталған ХXXI жазғы Универсиадада Қазақстан спортшылары жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Олардың қатарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері мен түлектері бар.
Универсиадада спорттың 18 түрі бойынша жарыстар өтуде. ҚазҰУ студенттері мен түлектері жеңіл атлетикадан, дзюдодан, суда жүзуден және нысана көздеу жарыстарына қатысып, Қазақстан мен университет намысын қорғады. Алғашқы күннен бастап ҚазҰУ спортшылары үздіктер қатарынан көрінді.
Жүлдемен оралған жастарымыз – самбодан спорт шеберлері арасында әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан 4-ші ДАН иегері Бекарыс Сәдуақас дзюдодан 100 келі салмақта қола жүлде иеленді.
Самбодан Азия чемпионы, Әлем чемпионатының күміс және қола медальдарының жүлдегері, Қазақстан Республикасының 5 дүркін чемпионы, Сұңғат Жұбатқан 66 кг салмақ дәрежесінде дзюдодан қола медаль жеңіп алды.
Пневматикалық мылтықтан оқ атудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2019 ж. Азия чемпионы, 2022 ж. оқ атудан Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2023 ж. әлем кубогының 3 дүркін күміс жүлдегері, Германия, Кувейт, Қазақстандағы халықаралық жарыстардың чемпионы, ҚР бірнеше дүркін чемпионы Константин Малиновский оқ ату жарыстарында күміс және қола медалдерін жеңіп алды.
Әлем кубогының иегері мен чемпионы, оқ атудан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының, Азия чемпионатының бесінші жазғы спартакиадасының чемпионы және жүлдегері Арина Алтухова жақсы нәтиже көрсетті.
Қалған споршыларымыз – жеңіл атлетикадан Кристина Морозова, спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов, суда жүзуден Әлібек Мусин жарыс жолына енді түсетін болады.
Жазғы Дүниежүзілік студенттік ойындар 8 тамызда аяқталады.
ҚазҰУ спортшылары аймақтық, ұлттық және халықаралық деңгейде көптеген жарыстарға белсенді қатысады. Олар университет атынан түрлі турнирлерде, чемпионаттарда және Олимпиада ойындарында өнер көрсетеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өз студент-спортшыларының спорттық жетістіктерімен мақтанады. Спортшыларымызды құттықтай отырып, оларға сәттілік, мықты денсаулық және жаңа жеңістер тілейміз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі