ҚазҰУ түлектері Дүниежүзілік универсиада жүлдегері атанды

7 тамыз, 2023

Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан ХXXI жазғы универсиадада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектері: Нариман Құрбанов – күміс, Әділбек Мусин қола  жүлдегер атанды.

 Нариман әлемдік жарыста ерлер арасындағы спорттық гимнастикадан 15,266 ұпаймен 2-орынды жеңіп алды.

Ол – 2022 жылғы ҚазҰУ түлегі, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жүлдегері, Әлем кубогы кезеңдерінің чемпионы және жүлдегері, Азия чемпионатының жүлдегері, Ислам ойындарының жүлдегері. 2022 жылғы әлемдік рейтинг жеңімпазы. 

Дүбірлі додада ҚазҰУ-дың «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының түлегі Әділбек Мусин 100 метр қашықтықта баттерфляймен қола медальді еншіледі. Ол қашықтықты 52,03 секундта жүзіп өтті.

Әділбек – жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2018 жылғы Азия ойындарының екі дүркін қола жүлдегері, жастар арасындағы Әлем чемпионатының финалисі, Қазақстан Республикасы чемпионаты мен Қазақстан кубогының бірнеше дүркін жүлдегері, халықаралық жарыстардың жеңімпазы және жүлдегері, баттерфляй әдісінде Қазақстан Республикасының абсолютті рекордшысы.

Спортшыларымызды жарқын жеңісімен құттықтаймыз және спортта әрқашан сәттілік тілейміз!

 

          Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі