ҚазҰУ жатақханаларында жаңа оқу жылына дайындық қызу жүргізілуде

7 тамыз, 2023

Қазіргі уақытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қалашығында ағымдағы жөндеу жұмыстары 14 жатақханада жалғасуда.

Жатақханалардағы барлық бөлмелер мен дәліздер сырланып, ағартылуда. Бірінші қабаттың қасбеті боялып, кіреберісі де әрленеді. Сонымен қатар Өндірістік-шаруашылық департаментінің қызметкерлері қалашықтағы №14 және №6 жатақханаларда едендегі линолеум төсеніштерді ауыстырды. №6 жатақханада санитарлық-техникалық жабдықтар жаңартылды. Бұдан бөлек, барлық жатақханаларда душ жөндеу, электр, жылу жүйесін тексеру жұмыстары атқарылуда. Ағымдағы жөндеу жұмыстары барлық жатақханаларды қамтиды және аяқталу мерзімі 25 тамызға жоспарланған.

 

Бүгінде ҚазҰУ-да 5938 орындық 14 жатақхана және Жас ғалымдар үйі бар. Жаңа оқу жылы қарсаңында өзге қалалардан жатақханаға мұқтаж 11 000 бакалавриат студенті келеді, оның 5638-і, яғни 51,2 пайызы орынмен қамтамасыз етіледі. Ал магистратура және докторантура бойынша жатақханаға мұқтаждар саны – 1200, оның 300-іне орын бөлінеді.

Нәтижесінде университет жатақханаға мұқтаж студенттердің 76,2 пайызын қамтамасыз етеді.

Бұған қоса, білім ордасы Алматы қаласында бес хостелмен 1350 орынға келісімшарт жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ алдағы уақытта жатақхана тапшылығын түбегейлі жою үшін ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңі аясында кезең-кезеңмен жатақхана салу жоспарланған.  

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі