СТУДЕНТТЕРДІ ЖАТАҚХАНАЛАРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БОЙЫНША АХУАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚ ҚҰРЫЛДЫ 

7 тамыз, 2023

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанынан студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету бойынша ахуалдық орталық құрылды. Бұл туралы бүгін министр Саясат Нұрбек жоғары оқу орындары ректорларының қатысуымен өткен кеңейтілген алқа отырысында мәлімдеді.

Ведомство басшысы Саясат Нұрбек студенттерді барынша жатақханалармен қамтамасыз ету қажеттілігіне ерекше назар аударды.
 
💬«Барлық студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету мүмкін емес екені анық. Бұл әзірге жүйелі мәселе, бірақ Министрлік осы бағытта жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, біздің ведомство студенттерге жатақханалардан орын алуға көмектесетін ахуалдық орталық құрды», - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ, Саясат Нұрбек студенттердің мәселелеріне бей-жай қарамайтын қоғам қайраткерлері мен азаматтарды ахуалдық орталықтың құрамына кіруге шақырды.

Студенттердің тұрғын үймен туындаған проблемаларына жедел ден қою үшін ахуалдық орталықта +77002551443  нөмірлері бойынша call-орталық іске қосылды, ол 24/7 жұмыс істейтін болады. 

💬«Орын тапшылығы бойынша проблемаларды жүйелі шешу үшін биыл біз Алматы мен Астанада жатақханалар салу бойынша жобалық кеңселер аштық, өйткені орын тапшылығының 70% - ы осы қалаларға тиесілі. Сондай-ақ, мен бұған дейін жоғары оқу орындарында жөндеу жұмыстарын 15 тамызға дейін аяқтауды тапсырған едім. Оқу жылы басталғанша оқу орындарының бірінші басшылары жатақханалардың санитарлық және техникалық нормалардың талаптарына сәйкестігіне ерекше назар аударуы қажет», - деді Саясат Нұрбек.

Жоғары оқу орындарының болжамы бойынша жаңа оқу жылында жатақханаға мұқтаж студенттер саны 134 мың адамды құрайды. Алматы қаласында жоғары оқу орындарының көп шоғырлануына байланысты жыл сайын әртүрлі өңірлерден келіп, оңтүстік астанаға оқуға түсушілердің саны көбеюде. Жатақханаларда орын жетпеген студенттерге орын тапшылығы мәселелері шешімін тапқанша хостелдер мен қонақүйлерде орын ұсынылады.

Айта кетейік, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Білім туралы» заңның барлық білім алушыларды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуді көздейтін жаңа редакциясы күшіне енеді.