ҚазҰУ оқытушы-профессорлар құрамы және студенттерінің «Ыстық көл» маңындағы жазғы спорт-сауықтыру лагеріне баруы

28 шілде, 2023

ҚазҰУ оқытушы-профессорлар құрамы және студенттерінің «Ыстық көл» маңындағы жазғы спорт-сауықтыру лагеріне баруы

1 шілдеден бастап Қырғызстан Республикасындағы ҚазҰУдың «Ыстық көл» маңындағы жазғы спорт-сауықтыру лагеріне университетіміздің  352 оқытушы-профессорлары және 100-ден аса студент барып жазғы демалыстарын өткізді. 

Демалысқа жолдама алған білімгерлер құрамында негізінен  университеттік мәдени-рухани жобаларға қатысып, белсенділік танытқан, көп балалы отбасынан шығып білім алып жүрген, әлеуметтік қолдауларды қажет ететін топтағы студенттер болды. Сондай-ақ студенттердің жазғы спорттық-сауықтыру демалысын мәнді де мағыналы өткізуін ұйымдастыру үшін үздік кураторлар тобы да бірге барды. Демалыс барысында бағдарлы түрде түрлі ойын-сауық қойылымдар қойылып, тәрбие жұмысына қатысты арнайы семинар-тренингтер өткізілді. Сонымен қатар жастарға арналған патриоттық мәндегі концерттік бағдарламалар ұсынылып, көңілді би кештері ұйымдастырылды.

Куратор-эдвайзерлердің «Студенттердің шығармашылық потенциалын дамытудағы куратор-эдвайзерлердің рөлі» атты семинар-тренингтерінде куратор-эдвайзерлер жұмысын жандандырудың  өзекті мәселелері талқыланды. Студент-жастардың өзіндік бастамасымен табиғаттың экологиялық-тазалығын сақтау сипатындағы іс-шараларды  насихаттау мақсатында арнайы сенбілік күндері де өткізілді.