ҚазҰУ-да ҚР Конституциясы күніне арналған конференция өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасының Конституциясы – жаңа Қазақстан дамуының құқықтық негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шара Қазақстан Республикасының Конституциялық соты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Алматы қалалық сотының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.
Конференцияның мақсаты конституциялық реформаларды жүргізу, қазақстандық қоғамды демократияландыру, адам және азамат құқықтарын қорғау контексіндегі қазіргі саяси-құқықтық, экономикалық және мәдени процестерге қатысты ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне арналған пәнаралық диалог пен еркін пікір алмасуға арналды.
Жиынға Парламент, Үкімет, Конституциялық сот сынды ҚР мемлекеттік билік органдарынан, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар мен еліміздің жетекші ғалымдары және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Шараның ашылуында ҚазҰУ ректорының кеңесшісі, з.ғ.д., профессор Еркін Дүйсенов: «Конституция – бұл басты заң. Мұнда еліміздің өркендеу жолындағы негізгі идеялар мен адам бостандығы және оның құқықтары бекітілген. Әр адам еліміздің басты заңын оқып, құрметтеуі тиіс. Өткен жылғы жалпыхалықтық референдумда негізгі заңға елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Олардың барлығы демократияны дамытуға бағытталған», – деді кеңесші.
Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова Қазақстан Республикасының негізгі заңы басты адами құндылықтарды бекіткенін атап, оның құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, нарықтық экономика, демократиялық дәстүрлер мен құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам принциптерін ұстану қажеттігіне тоқталды.
Шара барысында ҚР ҰҒА академигі, з.ғ.д., профессор Салахиден Сабикенов қазіргі Қазақстанда әділ және демократиялық мемлекеттің қалыптасуының заңды кепілі ретінде жаңа Конституцияны әзірлеу және қабылдау қажеттілігі туралы мәселе көтерді.
Шара соңында заң факультетінің оқытушыларына құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі