ҚазҰУ Анталия білім университетімен серіктестікті арттыруда
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Анталия білім университетінің ректоры, профессор Исмаил Юксекпен кездесу өткізді.
Жүздесу барысында тараптар ынтымақтастықты одан ары нығайту жолдарын талқылап, бірқатар мәселелерді ортаға салды.
ҚазҰУ басшысы білім ордасының жетістіктерімен таныстырып, Түркияның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық барысына тоқталды.
Қазіргі таңда университет Түркияның жоғары оқу орындарымен және институттарымен ғылым, жоғары білім және мәдени бағыт бойынша тығыз қарым-қатынаста. Атап айтқанда: Ыстамбұл, Йедитепе, Анкара, Мимар Синан сияқты 40-тан астам жетекші жоғары оқу орнымен әріптестік жолға қойылған. «Мевлана» халықаралық бағдарламасы аясында Түркия университеттерімен 31 ынтымақтастық туралы келісім бар.
Сондай-ақ ҚазҰУ-дың 50-ден астам оқытушылары мен қызметкерлері 2021 жылы Анталия білім университетіне арнайы барып, тағылымдамадан өткен болатын. Бұл үрдіс 2022 жылы өз жалғасын тауып, оқу ордасының тағы да 50 қызметкері аталған жоғары оқу орнына барып, біліктілігін арттырды.
«2022 жылы Ыстамбұл университетінде ҚазҰУ филиалы ашылды. Университетте 1996 жылдан бері ТҮРКСОЙ кафедрасы табысты жұмыс істеп келеді. Алдағы уақытта бауырлас елмен серіктестікті одан әрі арттыру бойынша жұмыстарды жалғастыра береміз. Осы тұрғыда Анталия білім университетімен ғылым және білім саласы бойынша ынтымақтастықты жандандыруға ниеттіміз», – деді Жансейіт Түймебаев.
Өз кезегінде Исмаил Юксек университет жетістіктерін жоғары бағалап, алдағы уақытта қос тараптың да ынтымақтастықта жұмыс істейтініне сенім білдірді.
Кездесуден соң құрметті қонақ ҚазҰУ музейін, Жағдаяттық басқару орталығын және Әл-Фараби кітапханасын аралап, қызметімен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі