ҚазҰУ-да «Мәдени мұра» ұлттық бұрышы ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында «Мәдени мұра» ұлттық бұрышының ашылуы өтті.
Салтанатты шараға университет ректоры Жансейіт Түймебаев, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі және Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық орталығының басшысы Властимил Самек, Пан Ги Мун орталығының қызметкерлері, оқу ордасының оқытушылары мен білім алушы жастар қатысты.
Қазіргі таңда ҚазҰУ-да БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының 17 бағыты (ТДМ) бойынша іс-шаралар тұрақты атқарылуда. Еліміздің жетекші университетінің көптеген ғылыми-білім беру жобалары ТДМ аясында жүзеге асырылып, материалдық емес мәдени мұраны насихаттау, өмір сүру сапасын жақсарту, ұлт денсаулығын нығайту және экологияны сақтау мәселелерін қозғайды.
Университеттегі «Мәдени мұра» ұлттық бұрышы Тұрақты даму мақсаттарының 11 бағытында көрсетілген материалдық емес ұлттық мұраларды сақтау, қорғау және насихаттау көрсеткіштері бойынша қолға алынды.
Киіз үй түрінде жабдықталған арнайы бұрыш ерекше дизайнмен жасалып, ою-өрнектермен безендірілген. Қонақтар ұлттық киім, ұлттық аспаптар, ыдыс-аяқ түрлері және тұрмыстық заттармен танысып қана қоймай, түрлі кездесулер өткізе алады.
Ұлттық бұрыш шетелдік студенттерді, оқытушыларды және университет қонақтарын халқымыздың мәдениетімен және салт-дәстүрімен таныстыру мақсатында құрылған.
Сонымен қатар танымдық бұрышты суретке түсетін фотоаймақ ретінде пайдаланып, дәстүрлі әнші-күйшілердің өнерін бейнетаспаға жазып алу қарастырылған.
Ашылу салтанатына жиналғандар ұлттық бұрыштағы дастархан басына жайғасып, естелік суретке түсті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі