ҚазҰУ мен ИTMO ынтымақтастығы нығаяды

31 тамыз, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Ақпараттық технологиялар, механика және оптика ұлттық зерттеу университеті (ИTMO) Халықаралық білім беру бағдарламалары басқармасының басшысы Екатерина Тулугурова бастаған делегациямен кездесті.

Тараптар ынтымақтастықты одан әрі арттыру және бірлескен ғылыми-білім беру бағдарламаларын іске асыру мәселелерін талқылады.

Университет басшысы Жансейіт Түймебаев өз сөзінде ҚазҰУ-дың ғылым мен білімді дамыту саласында Ресейдің жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықта мол тәжірибесі бар екенін атап өтті. Ақпараттық технологиялар, механика және оптика ұлттық зерттеу университеті осы қатарда ерекше орын алады.  ҚазҰУ Еуразиялық университеттер қауымдастығы шеңберінде ұлттық зерттеу университетімен (ИТМО) серіктес. Екі университет арасында қосдипломдық білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру және студенттер алмасу бойынша шарт жасалды.

«Ағымдағы жылдың сәуір айында Ресей Федерациясына жасаған сапарымда Ақпараттық технологиялар, механика және оптика ұлттық зерттеу университетінің ректоры Владимир Васильевпен кездесіп, академиялық алмасу, «Ақпараттық технологиялар» бағыты бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу институтын ашу сынды мәселелер бойынша өзара пікір алмастық. Бұл жоба жоғары рейтингті журналдарда зерттеулер жүргізу және мақалалар жариялау, IT саласын дамыту, сондай-ақ студенттердің стартап-идеяларын жүзеге асыруға септігін тигізеді. Біз ИТМО университетімен жемісті және өзара тиімді серіктестікке толық мүдделіміз», – деді Жансейіт Түймебаев.

Өз кезегінде Екатерина Тулугурова аталған бастамалар мен ұсыныстарды қолдайтынын жеткізіп, қос университет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыруға бар күш-жігерін салатынын жеткізді.

Кездесу өзара тиімді ынтымақтастық және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасумен аяқталды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі