Дипломат ҚазҰУ-ға құнды кітаптар тарту етті

31 тамыз, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасы қорына белгілі мемлекет қайраткері, дипломат Константин Жигалов ғылыми-әдеби мазмұны бай, мағынасы терең кітаптарды сыйға тартты.

Қайраткер тарту еткен басылымдардың ішінде еліміздің халықаралық кеңістіктегі рөлі мен сыртқы саясаттағы ынтымақтастық байланыстары жайлы құнды деректерді қамтитын жинақтар мен көркем әдебиеттер бар.

Жалпы саны 153 дананы құрайтын басылымдар жас ұрпақтың ұлттық таным-түсінігі мен ой-санасын дамытуға оң ықпалын тигізеді. Сондай-ақ дипломат Ұлыбритания тарихы, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының сыртқы саясаты мен халықаралық байланыс салалары кеңінен қамтылған басылымдарды да кітапхана қорына табыс еткен. 1961-2017 жылдарды қамтитын басылымдар ішінде Фейхтвангер Лион, Франс Анатоль, Михаил Шолохов, Иван Тургенов сынды көрнекті жазушылардың көптомдық кітаптары да кездеседі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі