ҚазҰУ-да жаңа декандар тағайындалды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың бұйрығымен екі факультеттің деканы тағайындалды.
Меруерт Құрманбаева, биология ғылымының докторы, доцент – биология және биотехнология факультетінің деканы.
Раушан Исаева, медицина ғылымының докторы, профессор – медицина және денсаулық сақтау факультетінің деканы.
Меруерт Сәкенқызы 1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетін бітіріп, 1999 жылы кандидаттық диссертациясын, 2010 жылы докторлық диссертациясын қорғаған. Еңбек жолын ҚазҰУ-дың Ботаника кафедрасының оқытушысы қызметінен бастап, Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының меңгерушісіне дейінгі қызметтерді атқарды.
Раушан Исаева 1990 жылы Санкт-Петербург қаласындағы Ленинград педиатриялық медицина институтын бітірген. Еңбек жолын С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да дәрігер-интерндеріне арналған Педиатрия кафедрасының ассистенті болып бастаған. 1996 жылы медицина ғылымының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертация қорғады, 2003 жылы доцент атағын алды. 2007 жылы медицина ғылымының докторы дәрежесін алу үшін диссертация қорғаған.
Раушан Исаева әр жылдары С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ғылыми-зерттеу жұмысы және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің орынбасары, «Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті» АҚ Басқарма Төрағасы – Ректоры, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау жоғары мектебінің директоры және басқа да әртүрлі лауазымдарды атқарды. Сондай-ақ «ҚР денсаулық сақтау үздігі», «ҚР білім беру ісінің үздігі» сынды құрметті атақтармен марапатталды.
Жаңа декандар жаңа оқу жылынан бастап өз міндеттеріне кірісті. Жұмыстарына сәттілік тілеп, құттықтаймыз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі