ҚазҰУ профессорлары мен қызметкерлері ТҮРКСОЙ марапатына ие болды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев бастаған делегация арнайы жұмыс сапарымен келді.
Құрметті қонақтар алдымен ҚазҰУ музейі мен Әл-Фараби кітапханасын аралап, университеттің тыныс-тіршілігімен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесіп, ынтымақтастықты одан әрі арттыру, ауқымды жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Жансейіт Түймебаев Сұлтан Раевты ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. Сонымен қатар өз сөзінде ректор серіктестікті одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар ұсынысын ортаға салды.
«2024 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 90 жыл толады. Осы айтулы датаға орай, ҚазҰУ мен ТҮРКСОЙ ұйымы бірлесіп ауқымды конференция өткізуді ұсынамын. Университет базасында Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты бар. Қазіргі таңда институт мамандары сирек кездесетін қолжазбалар мен көне кітаптарды, құнды деректер мен материалдарды сараптап, зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Бұдан бөлек, оқу ордасында Абай ғылыми-зерттеу институты және ТҮРКСОЙ кафедрасы табысты жұмыс істеп келеді. Бізде түркітанушы ғалымдар жетерлік. Сондықтан да бірлесіп жұмыс атқаруға шақырамын», – деді ректор.
Өз кезегінде Сұлтан Әкімұлы ҚазҰУ мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы арасындағы серіктестікті одан әрі арттыруға ниетті екенін жеткізіп, аталған барлық бастамаларды қолдайтынын айтты.
«ҚазҰУ – Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы көшбасшы университеттің бірі. Біз алдағы уақытта түркі әлеміндегі жастардың басын қосатын Жастар форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Аталған шараға университет тарапынан қолдау көрсетіліп, ҚазҰУ белсенді қатысады деп сенемін», – деді Сұлтан Раев.
Кездесу барысында Сұлтан Әкімұлы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Нұрғали Ораз бен Ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры, ҚазҰУ-дың баспасөз хатшысы, «Мәдениет саласының үздігі» Қаншайым Байдәулетті түркі әлемінің мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі үшін ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының 30 жылдық мерейтойлық медалімен марапаттады.
Сонымен қатар ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының «Ахмет Байтұрсынұлы» медалімен филология ғылымының докторы, профессор Берікбай Сағындықұлы, Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев, Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Нұрсұлу Шаймерденова, Түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі, профессор Раушангүл Авакова, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы Анаркүл Салқынбай марапатталды.
Жүздесуден соң тараптар сыйлықтармен алмасып, естелік суретке түсті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі