Студенттерге қалашықта тұру ережелері түсіндірілді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлері жатақханаларда тәртіп сақтау тақырыбында бірқатар жиналыстар өткізіп, оған 1-курс студенттері мен студенттер үйінде тұратын белсенділер қатысты.
Іс-шараларға ЖОО факультеттерінің 1-курс студенттері, студенттік қалашық әкімшілігі, жастармен жұмыс жөніндегі департамент пен студенттер кеңесінің өкілдері, Бостандық ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері және факультеттердің эдвайзерлері қатысты.
Бірінші курс студенттері кездесу барысында студенттік кеңес төрағалары және жатақхана старосталарымен танысты. Сондай-ақ студенттер үйінде тұру ережелері, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттік қалашығы аумағында тұрғындардың қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау ережелері баяндалды. Сонымен қатар қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, деструктивті жалған діни және радикалды топтардан сақтану мәселелері қозғалды. Шара барысында жезөкшелік пен порнографияның әлеуметтік қауіптілігі жөнінде де түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Кездесу нәтижесінде студенттер жатақханалардағы тәртіп пен тазалық туралы өздерін қызықтырған сұрақтарға және басқа да тақырыптарға жауап алды. Ұйымдастырушылық сипаттағы бірқатар мәселелер шешілді, мысалы: қоғамдық көмекшілерді таңдау, жатақхана қабаттарының басшыларын, студенттік активтің кезекшілік кестесін бекіту және т.б.
Мұндай іс-шаралар 1-курс студенттеріне студенттік қалашықтағы өмір ережелері туралы білімдерін толықтыруға, жаңа жағдайларға бейімделуге, студенттік өмірге енуге және үйренуге көмектеседі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі