ҚазҰУ Қытай ЖОО-ларымен серіктестікті жаңа бағытта дамытады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ҚХР Шэньси провинциясы Коммунистік партиясы жанындағы білім және өнеркәсіп комитетінің хатшысы Лю Цзянли бастаған делегациямен кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Делегация құрамында Қытай университетінің ректорлары мен проректорлары бар.
Тараптар ҚазҰУ мен ҚХР жоғары оқу орындары арасындағы серіктестікті арттыру, бірлескен ғылыми жобалар әзірлеу, ортақ конференциялар өткізу бойынша пікір алмасты.
Жүздесуде Жансейіт Түймебаев жоғары оқу орнының білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, сондай-ақ университетті одан әрі дамыту стратегиясымен таныстырды. Сондай-ақ өз сөзінде ректор ҚазҰУ Қытайдың жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты ілгерілету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін атап өтті.
Бүгінде ҚазҰУ-да Тұрақты дамудың барлық 17 бағыты (ТДМ) бойынша көптеген іс-шаралар атқарылуда. Еліміздің жетекші университетінің көптеген ғылыми-білім беру жобалары ТДМ аясында жүзеге асырылып, білім беру сапасын жақсарту, бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар, тұрақты даму үшін серіктестік мәселелері жан-жақты қамтылуда.
Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ҚХР-дың 50-ге жуық жоғары оқу орнымен серіктестік орнатқан. Атап айтқанда: Шанхай шет тілдері университеті, Бейжің университеті, Ухан университеті, Гонконг политехникалық университеті, Шыңжаң университеті, Бейжің шет тілдері университеті және т.б.
Өз кезегінде Лю Цзянли оқу ордасына шақырғаны үшін университет ректоры мен ұжымына алғысын білдіріп, бүгінгі басқосудың маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінгі кездесу екі елдің білімі мен ғылымын дамытуға үлкен сеп берері анық. Осы орайда Қытай университеттері мен ҚазҰУ арасындағы ынтымақтастықты жаңа белеске көтеруге біз де мүдделіміз. Қарап отырсақ,Қытайдағы жоғары оқу орындарында бар мамандықтардың көбі сіздердің университеттеріңізде бар екен. Сондықтан екі тарапқа осы бағытта жұмыс жасау өте ыңғайлы болады деп санаймыз», - деді Лю Цзянли мырза.
Тараптар кездесу соңында аталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі