ҚазҰУ ирандық әріптестермен фарабитануды тереңдетеді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің деканы, қауымдастырылған профессор Бекжан Мейірбаев Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының мәдени кеңесшісі Хусейн Ағазадемен кездесті.
Кездесуге Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Құрманалиева, деканның ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Айгүл Әлшімбаева және оқытушы-профессорлық құрам қатысты.
Жиында факультет ғалымдары Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында айтылған жаңа жоспарлар мен басым бағыттардың жүзеге асуына бағытталған ой-пікірлерін ортаға салды. Әріптестік пен академиялық ынтымақтастықты нығайту мақсатында білім, ғылым саласының алдына қойылған міндеттерді шешуде бірлескен ғылыми жобаларды, іс-шараларды іске асыру туралы келіссөздер жүргізілді.
Бүгінде ҚазҰУ-да Тұрақты дамудың барлық 17 бағыты (ТДМ) бойынша көптеген іс-шаралар атқарылуда. Еліміздің жетекші университетінің көптеген ғылыми-білім беру жобалары ТДМ аясында жүзеге асырылып, білім беру сапасын арттыру, климатты жақсарту, бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар, тұрақты даму үшін серіктестік мәселелері жан-жақты қамтылуда.
Жүздесуде Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының өкілдері ғылымды дамытудағы түйткілді мәселелерге мән беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Өз кезегінде Хусейн Ағазаде университет ұжымына ризашылығын білдіріп, ҚазҰУ-мен әріптестік орнатуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ ол алға қойылған мақсаттар мен бастамалардың тиімділігі үшін ғылыми алаңдар құруға назар аудару қажеттігін атап, білім, ғылым, мәдениет саласындағы жаңа негізгі әдістер жайлы айтып берді.
Жиын аясында сонымен қатар халықаралық академиялық ынтымақтастықты жақсартуда «Дінтану», «Мәдениеттану» мамандықтары бойынша білім алатын студенттерге арналған академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске асыру, жас ғалымдардың тағылымдамасы сынды мәселелерді қолға алу көзделді. Иран Ислам Республикасындағы белгілі фарабитанушы ғалым-зерттеушілердің қатысуымен халықаралық форум, конференциялар мен вебинарлар ұйымдастыру жоспары талқыланды.
Кездесу нәтижесінде 2023/24 оқу жылының қазан айында әл-Фараби мұрасындағы гуманизм және этика мәселелері бойынша бірлескен халықаралық конференция өткізу туралы шешім қабылданды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі