ҚазҰУ-да Қытай университетінің филиалын ашу жұмыстары басталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына ағымдағы жылдың мамыр айында жасаған мемлекеттік сапары аясында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ҚазҰУ-да ашу жөнінде келісімге қол қойылған болатын.
Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев оқу ордасына жұмыс сапарымен келген Солтүстік-батыс политехникалық университетінің вице-президенті Чжен Цзянью бастаған делегациямен кездесу өткізіп, филиал ашу жөніндегі мәселелерді талқылады.
Делегация құрамында Мәдениет және мұра институтының директоры Донг Вэньцян, Халықаралық ынтымақтастық кеңсесі басшысының орынбасары Чэн Жун, Халықаралық академиялық бөлімі халықаралық мектебінің басшысы Сун Ао, Халықаралық мектебінің жоба жетекшісі Ван Итун бар.
Жүздесуде ректор Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-да Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашуды жеделдету және аталған жұмыстарды сапалы атқару қажет екенін жеткізді.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен жылы Ұлттық зерттеу ядролық университеті – МИФИ филиалы ашылған болатын. Яғни филиал ашу бойынша оқу ордасының тәжірибесі бар. Жуық арада Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ҚазҰУ-да ашуды жеделдетіп, ортақ білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруымыз қажет. Біз өз тарапымыздан атқарылатын жұмыстарды жүргізудеміз. Аудиторияларды дайындап, оқытушы-профессорлар құрамы отыратын кафедраны жасақтаймыз. Сіздер тараптан атқарылатын жұмыстарды да жеделдету маңызды. Бұл тарихи оқиға болмақ. Себебі бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы ашылғалы отырған алғашқы филиал», – деді ректор.
Өз кезегінде Солтүстік-батыс политехникалық университетінің вице-президенті Чжен Цзянью филиал ашу бойынша Қытай тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жасаған сапарымызда біз оқу ордасы туралы бірқатар мәліметтер алып, ғылыми инфрақұрылымымен таныстық. Филилал ашу екі тарап үшін де жауапты жұмыс. Сондықтан біздің мамандарымыз филиал ашуды жеделдету бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр. Филиал ашылған уақытта кейбір білім бағдарламалары бойынша біздің оқытушыларымыз келіп, сабақтарын бастайтын болады», – деді Чжен Цзянью.
Айта кетейік, Солтүстік-батыс политехникалық университеті Сиань қаласында орналасқан. 36 мыңнан астам студент білім алатын жоғары оқу орнында аэронавтика, астронавтика және теңіз техникасы т.б. техникалық бағыттар бойынша білім беру және зерттеу бағдарламалары бар.
Қытайдың техникалық бағытта білім беретін көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі – Солтүстік-батыс политехникалық университеті Academic Ranking of World Universities 2023 халықаралық рейтингінде Топ-200, THE 2023 рейтингінде Топ-600 қатарында және U.S.NEWS 2023 халықаралық рейтингінде 333-орынға ие. Атақты оқу ордасынан физикадан Ли Чжэндао мен химия саласында Харольд Крото Уолтер атты Нобель сыйлығының иегерлері шыққан.
ҚазҰУ-да ашылатын филиалда Қазақстан мен Орталық Азиядан келген студенттер білім алады. Кейін оқуын аяқтағаннан соң, түлектерге екі университеттің дипломы берілетін болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі