Туркия мемлекетінің Бурса қаласында өткен ғылыми іс-сапар

14 қыркүйек, 2023

Дәстүрлі көшпелілер мәдениетінің таңбалық жүйесін зерттеуге арналған «Орталық Азия көшпелілерінің этникалық мәдениетіндегі символдар мен атрибуттардың қасиеттілігі» ғылыми жобасы бойынша Тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д. Г.Б. Хабижанова мен Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, т.ғ.к. Т.Е. Картаеваның Түркия мемлекетінің Бурса қаласында өткен ғылыми іс-сапары ұжымдық монографияға материал жинақтауға арналған.

Іс сапарға екі мақсат жоспарланды: біріншіден, қазақ халқының ежелгі және қазіргі заманғы мәдениетіндегі, дүниетанымындағы символдар мен атрибуттар жүйесін, түркі халықтарымен және түрік халқының символдарымен салыстырмалы сараптау; екіншіден, Түркия мемлекетінің дәстүрлі түрік ауылын мемлекет символы ретінде сақтап қалу тәжірибесі, ұлттық құндылыққа айналған мұраларды музейде экспозициялау, насихаттау тәжірибесіне қатысты деректер жиналды. Мақсатқа жету үшін іс-сапар келесідей бағыттарда жүрді: Археология музейі, «Меринос» тоқыма музейі, Көш музейі, «Бурса орталығы» музейі, «Фатих Османлы» музейі, «Қаракөз» музейі, «Актопраклы» археологиялық кешені, ортағасырлық мешіт, кесенелер, «Жұмалықызық» және «Инкауа» дәстүрлі тарихи этноауылдары.