ҚазҰУ ғалымдары шөлді аймақтар мәселесін талқылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде биология ғылымдарының кандидаты, доцент Аметов Абибулла Аметұлының 80 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстан Республикасы территориясының шөлдену мәселелері және оларды шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Жиында ғалым Абибулла Аметұлының «Өсімдіктер систематикасы» атты үш томдық кітабының тұсаукесер рәсімі өтті
Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, биология саласының ғалымдары, Абибулла Аметовтың әріптестері мен замандастары, шәкірттері, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастары қатысты.
Конференция барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хаты оқылды. Хатта: «Сіздің ұзақ жылғы қажырлы ғылыми педагогикалық еңбегіңіз қарашаңырақ ҚазҰУ-мен тығыз байланысты. Абибулла Аметұлы биология ғылымын тереңірек зерттеп, танымды еңбектер жазды. Оқу ордасы өзіңіздей ғалымды ерекше мақтан тұтады. Мерейтойыңызда сізге мықты денсаулық, отбасыңызға құт-береке, еңбегіңізге табыс тілеймін», - делінген.
Өз кезегінде ҚР ҰҒА жоғарғы мектебінің академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Төлеуханов, ҚР ҰҒА академигі, профессор Амангелді Бисенбаев, биология ғылымдарының кандидаты, доцент Талғат Ибрагимов және т.б ғалымдар сөз сөйлеп, биология ғылымында қолтаңба қалыптастырған доцент Абибулла Аметовтың еңбек жолына тоқталды.
Абибулла Аметұлы Биология және биотехнология факультетінде Ботаника кафедрасын негізін қалап, 40 жылдан астам уақыт бойы аянбай еңбек етіп келеді. Биология саласын дамытуда сүбелі үлес қосып, шәкірттер тәрбиеледі. Абибулла Аметов 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Бүгінде ғалымның қаламынан туған «Ботаника» оқулығы еліміздің барлық жоғары оқу орындарында оқытылуда.
Жиын соңында мерейтой иесі жиналғандарға алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі