ҚазҰУ студенті Азия ойындарында дзюдодан күміс медаль жеңіп алды
Заң факультетінің 2-курс студенті Әбиба Абужақынова Ханчжоу қаласында өтіп жатқан XIX жазғы Азия ойындарында дзюдодан күміс медаль жеңіп алды.
Дүбірлі додада дзюдошы 48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, қарсыластарын басып озды.
Азиаданың алғашқы күнінде дзюдошыларымыз құрама қоржынына екі медаль салды. Оның бірі – Әбиба Абужақынова, екіншісі – Мағжан Шамшадин 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер атанған болатын.
Дарынды спортшы Әбиба 2022 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болса, Дубайда өткен Grand Slam сайысында жүлделі орындардың біріне ие болған.
Жалпы, Қазақстан құрамасында 525 спортшы бар, олар спорттың 30 түрінен медальдар үшін күреседі, оның 27-сі – олимпиадалық.
Естеріңізге сала кетсек, 23 қыркүйекте бастау алған 2023 жылғы Азия ойындары 8 қазанға дейін жалғасады. Медальдар спорттың 40 түрінен беріледі. Ал 2024 жылы Парижде өтетін олимпиада ойындарына қатысу лицензиялары тоғыз спорт түрі бойынша сарапқа салынатын болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі