ҚазҰУ ректоры Токио университетіне барды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Жапонияға жұмыс сапары барысында Токио шет тілдер университетінің президенті Хаяси Каекомен кездесті.
Тараптар екіжақты қарым-қатынастарды нығайту мәселелерін талқылады. Кездесуде Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ мен Токио шет тілдер университеті арасындағы серіктестік жаңаша бағытта дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ өз сөзінде ректор алдағы уақытта ғылым және білім салаларындағы қарым-қатынасты одан әрі жандандыру қажет екенін жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жапонияның 28 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан. Бүгінде аталған университеттермен академиялық ұтқырлық бағдарламасы жақсы дамып келеді. Мәселен, 2022-2023 жылдары ҚазҰУ-дың 56 білім алушы жастары арнайы Жапонияның жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өткен болатын. Сонымен қатар 15 оқытушы біліктіліктерін арттыру мақсатында ғылыми конференцияларға қатысып келді. Қазіргі таңда оқу ордасында Цукуба университетінің 19 студенті білім алуда.
Өз кезегінде Токио шет тілдер университетінің президенті Хаяси Каеко ҚазҰУ-мен тығыз қарым-қатынаста болып, серіктестікті одан әрі арттыруға дайын екенін айтты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі