ҚазҰУ-дың 11 студенті Польшада білім алады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің 11 студенті халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелдің іргелі оқу орындары – Польша мемлекетінің Варшава университеті мен Познань қаласында орналасқан Адам Мицкевич университетінде білім жетілдіруге мүмкіндік алды.
Халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы студенттер үшін үлкен тәжірибе алаңы болып есептеледі. Осы бағдарлама арқылы шетелдік білім жүйесімен танысуға, біліктілік пен дағдыларды жетілдіруге, бәсекеге қабілеттіліктерін арттыруға, тәжірибе алмасуға мемлекет тарапынан қолайлы жағдай жасалып отыр.
Мұндай мүмкіндікке ие болған студенттермен шетелге іссапар алдында факультет деканы Бекжан Мейірбаев, Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының меңгерушісі Гүлнар Насимова, деканның ҒИҚ және ХБ жөніндегі орынбасары Айгүл Алшымбаева, кафедра координаторы Айгүл Әбжаппарова арнайы жиналыс өткізді. Жиналыс барысында студенттерге оқу-тәрбие процесін ізгілендіру, тәртіп-ережені сақтау, университет қойған міндеттерді орындау сынды мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді және толыққанды ақпарат берілді.
Жиын барысында студенттеріміз «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасына қатысуға қолдау білдірген университет басшылығына, университеттің Халықаралық ынтымақтастық департаменті (ДМС) қызметкерлеріне егжей-тегжейлі түсіндірме жұмыстарын жүргізгеніне, факультет басшысына, кафедра жетекшілеріне және үміт артқан ұстаздарға алғыс білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі