ҚазҰУ студенттері бос білім беру грант иегерлері атанды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері бос білім беру гранттары иегерлерінің тізіміне енді. Бұл гранттар жазғы қабылдау науқанының қорытындысы бойынша конкурстық тағайындаудан кейін қалған бос гранттар. Үздік студенттер арасында бос гранттарды беруді Республикалық конкурстық комиссия өткізді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 4000-нан астам талапкер грант иегері атанғанын атап өтті. Жазғы конкурстық іріктеуден кейін қалған гранттар педагогикалық және инженерлік ғылымдардың үздік түлектеріне және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» мамандықтары бойынша берілді. «Бұл жоғары білім алуға үміттенетін жастар үшін үлкен мүмкіндік. Жоғары білім саласы қысқа уақыт ішінде үлкен жетістіктерге жетті. Бұл біздің барлығымыз үшін үлкен қуаныш, нәтижесінде білім алуға ниет білдірген жастарымыздың үміті ақталады», – деді С.Нұрбек.
Байқау нәтижесінде ҚазҰУ-дың 13 факультетінің студенттері бос білім беру гранттарын жеңіп алды. 56 грантты ҚазҰУ-дың әртүрлі факультеттерінің студенттері иеленді. Атап айтсақ: журналистика, биология және биотехнология, ақпараттық технологиялар, физика-техникалық, механика-математика, химия және химиялық технологиялар, география және табиғатты пайдалану, филология факультеті, халықаралық қатынастар, философия және саясаттану, Экономика және бизнес жоғары мектебі, заң және шығыстану факультеттерінің тәлім алушылары.
«Мен бұл жаңалыққа өте қуаныштымын. Мен үшін бұл тосын сый әрі қуаныш. Енді мен білімімді жетілдіріп, көп үйренуге талпынамын. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік әрі осы грантқа лайық екенімді дәлелдеуім қажет. Барлық оқытушылар мен студенттерге оқуда және жұмыста үлкен жетістіктер тілеймін», – деді ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің 3-курс студенті Аружан Минашева.
Бос грант иегерлері атанған барлық студенттерді құттықтаймыз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі