ҚазҰУ ректоры Цукуба университетінде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Жапонияның Цукуба университеті Директорлар кеңесінің отырысына қатысып, баяндама жасады.
Іс-шарада Цукуба университетінің президенті Нагата Кёсуке мен вице-президенті Джун Икеда, білім ордасының бизнес-серіктестері, ғалымдар мен профессорлар қатысты.
Жиын барысында Нагата Кёсуке сөз сөйлеп, Цукуба университетінің білім және ғылым салаларындағы жетістіктері туралы ақпарат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев қатысушыларды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымымен таныстырып, Жапония жоғары оқу орындарымен серіктестік күннен-күнге жоғарылап келе жатқанын атап өтті.
«Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 25 мыңға жуық студент білім алады. Оның 2,5 мыңға жуығы әлемнің 50 елінен келген шетелдік студенттер. Келесі жылы университетіміздің құрылғанына 90 жыл толады. Оқу ордамызға зерттеу университеті мәртебесі берілді. Түркияның Ыстамбұл және Қырғызстанның Бішкек қалаларында ҚазҰУ-дың филиалдары ашылды. Білім ордасында өткен жылдан бері Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы жұмыс істейді.
ҚазҰУ базасында Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашу жөнінде жұмыстар жүріп жатыр. Университет халықаралық байланысты күннен-күнге дамытып келеді. Мәселен, ҚазҰУ Жапонияның 28 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан. Бүгінде аталған университеттермен академиялық ұтқырлық бағдарламасы жақсы дамып келеді. Мәселен, 2022-2023 жылдары ҚазҰУ-дың 56 студенті арнайы Жапонияның жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өткен болатын. Сонымен қатар 15 оқытушы біліктіліктерін арттыру мақсатында ғылыми конференцияларға қатысып келді. Қазіргі таңда оқу ордасында Цукуба университетінің 19 студенті білім алуда», – деді ректор.
Сондай-ақ өз сөзінде ректор ҚазҰУ ғылымға көңіл бөлетінін және университетте осы аталған саланы одан әрі дамыту бойынша жұмыстар жүріп жатқанын атап өтті. Сөз соңында Жансейіт Түймебаев алдағы уақытта ҚазҰУ Жапония университеттерімен және ғылыми институттарымен ынтымақтастықты арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін айтты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі