ҚазҰУ Гренобль – Альпі университетімен серіктес
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Жапонияға жұмыс сапары барысында Франциядағы Гренобль – Альпі университетінің президенті Яссин Лакнешпен кездесіп, ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Келісімнің негізгі мақсаты – серіктестікті дамыту, оқытушылар мен студенттер алмасу, бірлескен халықаралық конференциялар өткізу, ғылыми бағытта бірлесіп зерттеулер жүргізу және білікті кадрларды даярлау.
Кездесуде университет басшысы Жансейіт Түймебаев Яссин Лакнешке ҚазҰУ Гренобль – Альпі университетімен ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беретініне назар аударды. Ректордың айтуынша, ҚазҰУ Францияның 20 жоғары оқу орнымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Сондай-ақ оқу ордасының 16 оқытушысы Франция университеттеріне барып, конференцияларға қатысып келді. Ал ҚазҰУ-ға 2022/23 оқу жылында Францияның беделді профессорлары мен PhD докторлары келіп, дәрістер оқыған болатын.
Жүздесу барысында тараптар екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, серіктестікті одан әрі кешенді түрде нығайтуға өзара мүдделі екенін растады.
Қос университет басшылары ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап, білім және ғылым салаларындағы ықпалдастықты жандандыруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі